"Алматы Алатау ауданының Халыққа қызмет көрсету орталығында орындықта отырып, қайтыс болған адам туралы білемін. Туған-туыстарына көңіл айтамын",-деді Д. Абаев бүгін "Уақытша тіркеу шаралары туралы" талқылау алаңына қатыса отырып.
Бұл ретте, Ақпарат министрі ХҚКО-да халі нашарлаған адамға бірден медициналық көмек көрсетілгенін атап өтті.
"Бірден медициналық көмек көрсетілді",-деді Д.Абаев.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Алматы қаласы Алатау ауданындағы Халыққа қызмет көрсету орталығында (ХҚКО) 1964 жылы туған азаматтың қайтыс болғаны хабарланған болатын.
«2017 жылдың 16 қаңтарында Алматыдағы Алатау ХҚКО-да 1964 жылы туған Жарас Кунтаков есімді азамат қайтыс болды. Марқұм жолдасымен бірге ХҚКО-ға «мекенжай бойынша азаматтарды тіркеу» талабына байланысты сағат 9:30-да келген. Бұл уақытта аталған ХҚКО-да халық көп жиналмаған. Ол жолдасы құжаттарды толтырып жатқан уақытында электронды кезек талонын алмақ болған, алайда оны алып үлгерместен 09:42-де өзін нашар сезіне бастаған. Оған ХҚКО-да кезекшіліктегі дәрігерлер дереу медициналық көмек көрсетті. 09:52-де «Жедел жәрдем» көлігі келіп жеткен. Алайда, дәрігерлер оның жанына араша түсе алмады», делінген «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» хабарламасында.
Еске сала кетейік, 11 қаңтар күні Алматы облысы Іле ауданы Өтеген батыр кентіндегі ХҚКО-да Боралдай ауылының тұрғыны қайтыс болған.