Мәжіліс төрағасы С. Дьяченконың өмір жолына жекелей тоқталып өтті. Спикер осы ретте марқұмның мемлекет алдындағы ерен еңбегі ұмытылмайтындығын айта келе, Дьяченконың Мәжілістегі қызметімен қазақстандық парламентаризмнің дамуының ерекше маңызды кезеңі байланысты екенін жеткізді.
Осыдан кейін Н. Нығматулин Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет қайраткері Сергей Дьяченконың қайтыс болуына байланысты туған-туысқандары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын оқып берді. Онда ол Отанымыздың нағыз патриоты ретінде өзінің бар ойы мен атқарған ісін Қазақстан Республикасының игілігі жолына арнағандығы атап өтілген.
Бүгінде С.Дьяченконың туған-туысқандары мен жақындарына көңіл айту жеделхаттары Қазақстанның, сондай-ақ шетелдің көптеген танымал мемлекет және қоғам қайраткерлерінен келіп жатыр.
Сергей Александровичті ақтық сапарға шығарып салуға Парламент депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, елорда жұртшылығы келдi. Сонымен қатар қоштасу рәсіміне Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков, ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов, Астана әкімі Әсет Исекешев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов және басқалары қатысуда.
Бұдан бұрын хабарланғандай, мемлекет қайраткері Сергей Дьяченконың сүйегі Ұлттық пантеон аумағында қойылады.