Дағдарыс салдарымен күреске бағытталған қаржының тиімді жұмсалуын қадағалауымыз қажет ? Қ.Мәми

АСТАНА. Сәуірдің 24-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Менің Бас прокурор ретіндегі бірінші кезектегі міндетім - прокуратураның орталық аппаратына білікті, өз қызметінің қыр-сырын меңгерген тәжірибелі мамандарды топтастыру.

Бұдан соң мен жас мамандардың біліктіліктеріне қарай лауазымдарының сатылап өсуіне күш салуым қажет», деді бүгін Бас прокурор Қайрат Мәми «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен кездесуі барысында, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Қазіргі кезде мен осы мәселелермен айналысудамын. Әзірге бұл салада қандай ауыс-түйіс болатынын айту қиын. Бұл мәселені әлі мұқият зерделеу қажет», деді Қ.Мәми.Сондай-ақ оның сөзіне қарағанда, осыған дейін елімізде прокурорлардың әлеуметтік саладағы бақылау шаралары екінші орында қаралып келді. «Енді прокуратура қызметінде осы мәселеге ерекше екпін салатын уақыт жетті деп білемін. Бүгінгідей жағдайда біз мемлекеттен дағдарыстың алдын алуға бағытталған ресурстардың дұрыс, сонымен бірге тиімді жұмсалуын қадағалауымыз қажет», деді Бас прокурор.