14:56, 19 Наурыз 2009
Дағдарыс жағдайында жұмыстан босап қалған мамандарды қайта даярлап, аса қажетті жұмыс орындарын толықтыру керек
АЛМАТЫ. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Дағдарыс жағдайында өндіріс орындарының қысқаруына байланысты жұмыстан босап қалған мамандарды қайта даярлап,аса қажетті жұмыс орындарын толықтыру керек. Бұл туралы бүгін Алматыдағы Қазақтың Тұрар Рысқұлов атындағы эконономика университетінде Елбасының «Дағдарыстан - дамуға»
деп аталатын Қазақстан халқына арнаған Жолдауын талқылауға арналған дөңгелек үстел жиынында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Біздің жоғары оқу орнымыздың негізгі бағыты - экономист, басқарушы мамандарды дайындау. Жолдауда осы бағытта көп мәселелер айқындалған. Мәселен, өңірлік жұмыспен қамтылуды және кадрлардың қайта даярлануын қамтамасыз ету үшін Үкіметке кем дегенде 140 миллиард теңге бөлу тапсырылды. Бізде еңбек нарығын дамыту үшін мүмкіндіктер бар», - дейді ҚазЭУ проректоры, профессор А. Сәтмырзаев. Асан Адасбекұлының айтуынша, бұл оқу орнында өткен жылы Экономист кадрлардың біліктілігін көтеру институтының негізінде Халықаралық бизнес мектебі ашылған. Қазіргі жағдайға байланысты экономистерді, эколог-экономистерді, ақпараттық жүйені басқарушылар мен басқа да мамандарды қайта даярлауға мүмкіндік бар. Жалпы Халықаралық бизнес мектебі біліктілікті көтеру және қайта даярлау бағытында түрлі тренингтер мен семинарлар өткізіп, қысқа-ұзақ мерзімдік және ЖОО-дан кейінгі қайта даярлау бағдарламасы бойынша бұрыннан жұмыс жасап келе жатыр.