деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тікелей желі барысында шетелден келген оралман Қасым Атабаев «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша Шымкент қаласында Асар мөлтек ауданы бой көтергенін, оның жанында жылыжай да салынғанын атап өтті. «Бізге мұнан артық жағдайды ешкім жасап берген жоқ. Сондықтан бізге, Сізден басқа Мемлекет басшысының керегі жоқ», деген оралман шетелде қалған қандастардың да Елбасына көп үміт артатынын айтты. Осы ретте Қ. Атабаев «Нұрлы көш» бағдарламасы ары қарай жалғаса ма?» деген сауал қойған еді.
«Біз әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашыраған қандастарымызды жинау үшін Тәуелсіздік жылдарынан бері көп әрекет жасап жатырмыз. Соның нәтижесінде 1 млн.-нан астам отандастырымыз елімізге оралып, қауышып, қуанып жатыр. Әр уақытта мен отандастарымызға сол оралмандарға қамқор болу керектігін, қол ұшын беру қажеттігін баса айтып келемін. Осы мақсатта «Нұрлы көш» бағдарламасын 2011 жылға дейін бекіттік. Бұл бағдарлама өзінің жалғасын табатын болады», деді Н. Назарбаев.
Елбасы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Асар ауылында болғанын, ондағы жағдаймен толық танысқандығын атап өтті. Сонымен бірге, Н. Назарбаев оңтүстіктегі Асар ауылы, Алматының түбіндегі Байбесік ауылы және Солтүстік Қазақстандағы жаңадан құрылып жатқан оралмандар ауылына тоқтала келе, ондай нысандардың дұрыс дамитындығына сенім білдіріп, осы секілді елді-мекендердің Қазақстанда әлі де бой көтеретін атап өтті.
«Республикадағы 14 облыс орталығы оралмандарға көмектесуге тиісті шараларды қабылдап жатыр. Сондықтан да, шетелден өз бетімен келем деушілерге де есік ашық. Ең бастысы, Отанына оралу барысындағы алғашқы кезекте орын алатын қиыншылықтарға шыдау керек. Қазақстан да қиыншылықтарды бастан өткеріп келе жатқан жас мемлекет. Бірақ дағдарысқа қарамастан біз «Нұрлы көш» бағдарламасын одан әрі жалғастыратын боламыз. Қандастарымызға қол ұшын беріп, көмектесетін, оларды шақыра беретін боламыз. Бұл бізге қажет», деді Елбасы.