Дағдарысқа қарсы мемлекеттік бағдарлама аясында бөлінген қаражаттың 80 пайызы игерілді - Қ. Келімбетов

None
АСТАНА. Желтоқсанның 28-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Осы уақытқа дейін дағдарысқа қарсы мемлекеттік бағдарлама аясында бөлінген қыруар қаржының 80 пайызы игерілді.

 Бұл туралы бүгін «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-сында өткен баспасөз мәслихаты барысында аталмыш қордың төрағасы Қайрат Келімбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жалпы, дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында ел экономикасын тұрақтандыруға 1 трлн. 87,5 млрд. теңге бөлінген болатын. Оның 486 млрд. теңгесі қаржы секторына, 360 млрд. теңгесі жылжымайтын мүлік нарығына, 120 млрд. теңгесі орта және шағын бизнеске және 121,5 млрд. теңгесі индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталды. «Осы уақытқа дейін бөлінген қаржының 887,2 млрд. теңгесі яғни, дағдарысқа қарсы мемлекеттік бағдарлама аясында бөлінген қаражаттың 80 пайызы игерілді. Осыған орай дағдарыс жағдайында қолға алынған іс-шараларды атқару барысында «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорына жүктелген міндеттер  шұғыл әрі сапалы түрде орындалды деп айтуға толық негіз бар», деді Қ. Келімбетов.