Дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру кезінде тұрғын үйлерді пайдалануға беру көлемін төмендетуге жол берілген жоқ - Үкімет сағаты
Бұл ретте алдыңғы жылға жеке инвесторлардың есебінен жаға құрылыс белгіленбегендігін айту керек. Сондықтан биылғы жылы тиісті шаралар қабылданбаса, 2012 жылы өткен жылдармен салыстырғанда тұрғын үй құрылысы көлемінің айтарлықтай азаюы мүмкін. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде өтіп жатқан Үкімет сағатында Тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық агенттігінің төрағасы Серік Нокин мәлім етті.
Оның айтуынша, жағдайдың бұлайша қалыптасуы құрылыс секторына салынатын инвестициялар көлемінің азаюына және халықта тұрғын үй сатып алу үшін қолжетімді құралдардың жоқтығына байланысты болып отыр. «Ал мемлекет тарапынан құрылыс саласының проблемасын шешу үшін қарышты қадамдар жасалуда. 2011 жылы барлық қаржыландыру көздерінен 6 млн. шаршы метр шамасында, оның ішінде республикалық бюджеттен бөлінетін қаражаттар есебінен 494 мың шаршы метр тұрғын үй салу көзделіп отыр. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін Қазақстанда тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің әлеуетін пайдаланумен қатар тұрғын үй құрылысының жаңа жүйесі іске асырылуда. 2011 жылы «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкі арқылы ілкі жобаларды іске асыру үшін жергілікті атқарушы органдар 20,8 млрд. теңге бөлмек»,-деді С. Нокин.
Сондай-ақ оның айтуынша, еліміздің 6 өңірінде «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша несиелік тұрғын үй құрылысын жүргізуде бұл мақсатқа 2011 жылы 7,3 млрд. теңге қарастырылып отыр.