Дағдарыста болған қарағандылық көмір өндіретін компанияның экономикалық жағдайы қалпына келуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Көп жылғы дағдарысты бастан кешкен қарағандылық «Гефест» компаниясы үшін экономикалық жағдай біртіндеп қалпына келуде. Бұл туралы «Гефест» ТК директоры Артур Бейсегеримов Қарағанды облыстық әкімдігінде өткен көмір өнеркәсібін дамыту жөніндегі кеңесте мәлім етті.

Кәсіпорын алдағы уақытта көмір өндіруді ұлғайту және жұмыскерлердің еңбекақысын көтеру көздеп отыр. «Өткен жылдың ортасынан бастап ресейлік металлургиялық комбинаттарға жөнелтілімдер қайта жандандырылды. Бүгінде бір байыту фабрикасы жұмыс істеп тұр, екіншісі консервация режимінде. Қазіргі ОБФ өткен жылы тамыз айында іске қосылды, оның қуаттылығы төмен. 100 мың тонна көмір өңделді, Ресейге, Қытайға концентраттың шағын көлемі жөнелтілді. 2017 жылдың бірінші тоқсанына келісімшарт жасалды», - деді компания басшысы.

Оның айтуынша, байыту фабрикасына түсетін жүктеме 65 пайызды құрайды. Кәсіпорын ресейлік тұтынушылармен тұрақты жеткізілімдер туралы келіссөздер жүргізуде.

«Бұл жылдық өндірістік бағдарламаларды толыққанды жоспарлауға мүмкіндік береді. Қазіргі жөнелтілімдер тоқсан шегінде, - деп атап өтті Артур Бейсегеримов. - 2017 жылға болжамдар жасалуда. 2016 жылға қарағанда көмір өндіруді 17 пайызға 480 тоннаға жуық ұлғайту жоспарланып отыр. Өңдеуді арттыру көзделген - концентрат түрінде 300-340 мың тоннаға жуық көмірді өңдеп, жөнелтпекпіз. Энергетикалық бағдарламалар бойынша шағын көлемдер бар».

«Гефест» жұмыскерлері үшін де жағымды жаңалықтар бар. Биыл олардың еңбекақысы 25-30 пайызға көтерілмек. Компания басшылығы жаңа жұмыс орындарына 200 адам қабылдайды.

«Әрине кәсіпорында қысқартулар болды, - дейді басшы. - Бүгінде барлық барлау және сервистік кәсіпорындар бойынша жұмыскерлер саны 1 000 адам деңгейінде тұрақтады. Бір жылдың ішінде 1 200 адамға жеткізбекпіз. Оған өңдеу қуаттылықтарындағы персонал санын арттыру кіреді».

Сонымен қатар, «Гефест» 2017 жылы дағдарыс кезінде тұралап қалған «Батыс» шахтасының жобаларын қайта қолға алмақ. 2018 жылы компания аталған учаскеде көмір өндіруді қайта бастамақ ниетте.

Мұнымен қоса, 2007 жылдан бері жұмыс істемей тұрған Байжанов атындағы  шахтада консервациялау бойынша шаралар қабылданып жатыр. Кәсіпорын уәкілетті органдардың мақұлдауын күтуде.