Дағдарыстан кейін нарықтық экономиканың барлық элементтерінің қалпына келіп, тиімді жұмыс істеуіне Кедендік одақ көп мүмкіндіктер береді

әуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің пікірінше, дағдарыстан кейінгі кезеңде нарықтық экономиканың барлық элементтерінің қалпына келіп, тиімді жұмыс істеуіне Кеден одағы көп мүмкіндіктер береді. Ол бұл ойын бүгін Астанада өткен «Кеден одағы: мүмкіндіктірі мен перспективалары» атты дөңгелек үстелде білдірді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Дағдарыс біздің ішімізден шыққан проблема емес, әлемдік проблама болды. Ол сырттан келді. Дағдарыс кезінде экономиканы қаржыландырудың бүкіл механизмдері, соның ішінде банк саласындағы механизмдер де белгілі бір дәрежеде ақау берді. Бұл жағдайда біз дағдарысқа қарсы батыл бағдарламаны жүргізуге мәжбүр болдық. Енді біз экономиканың сауығуына қарай, мемлекеттің оған араласуын бәсеңдетуіміз керек. Себебі, ешкім де нарықтық экономиканы жойып тастаған жоқ. Нарықтық экономиканың барлық элементтері қалпына келіп, тиімді жұмыс істеуі тиіс. Бұл мағынада Кеден одағы көп мүмкіндіктер береді. Дейтұрғанмен, қауіп те баршылық», деді бірінші вице-премьер дөңгелек үстелде.

Оның сөзіне қарағанда, Кеден одағының құрылуымен бәсекелестіктің бәсі артады. Қазақстандық кәсіпкер иеленіп отырған орынды Ресейден немесе Беларустан келген басқа кәсіпкер басуы мүмкін. Алайда, Кеден одағының аясында үш елдің үкіметтері бірігіп, бәсекелістіктің бәсін арттыру үшін іс-қимылдар жасайтын болады.