Дағдарысты еңсердік деуге болады, бірақ босаңсуға әлі ертерек - ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаев

None
СКЕМЕН. Тамыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Людмила Малько/ - Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың пікірінше, еліміз мемлекет тарапынан қабылданған шаралардың арқасында жаһандық экономикалық дағдарыстың салдарын біртіндеп еңсеріп келеді. «Қазақстанның дағдарыс жағдайындағы басты жетістігі - халықты жұмыспен қамту. Және осы бағытта негізгі рөлді

«Жол картасы»мемлекеттік бағдарламасы атқарып отыр. Шығыс Қазақстанның өзінде былтыр аталмыш бағдарламаның арқасында 33 мыңнан астам жұмыс орны құрылған, мемлекет Жол картасы нысандарын жөндеуге және жаңадан тұрғызуға 17 миллиардтай теңге бөлген. Жұмыссыздық деңгейі біртіндеп төмендеп келеді - былтыр бұл көрсеткіш 6,6 пайызды құраса, өткен жартыжылдықта 5,8 пайызды болды. Республикамыздың барлық өңірі сияқты, біз де жұмыссыздықтың өсуіне жол берген жоқпы. Және менің ойымша, Қазақстанның басты жетістігі - осында», дейді Б.Сапарбаев.

- Бердібек Мәшбекұлы, құрғақ статистика барлық экономикалық көрсеткіш өсіп отыр дегенді айтады. Ал іс жүзінде банкротқа ұшыраған кәсіпорындар бар ма, салық түсімімен байланысты жағдай қандай және шығыс өңірі қиындықтарды жеңе алды, дағдарысты еңсерді, дей аламыз ба?

- Өткен жылмен салыстырғанда, биылғы жартыжылдықтағы көрсеткіш едәуір жоғары. Негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер орындалды (дегенмен, биылғы қыс пен көктемнің өңір үшін қиын болғанын айтпай кетуге болмайды). Әрине, әлі де көп жұмысты қажет ететін экономика салалары да жоқ емес және бірінші кезекте, бұл тартылып отырған инвестиция көлеміне қатысты. Былтыр өткізілген түрлі бизнес-форумдар мен кездесулер, сапарлар дәл осы мақсатқа бағытталған болатын. Біз «Өндіріс пен өнімдер жеткізілімінің теңгерімін» құрастырдық, еліміздің түрлі аймақтарында, Ресей, Корея, Қытай, Израиль елдерінде болдық. Жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті жақсарта түсеміз деген сенімдемін.

Алда тұрған екінші міндет - тұрғын үй құрылысы, бұл салада да проблемалар бар. Оның объективті себептері бар, олар екеу: біріншісі - ауа райы, екіншісі - ақша қаражатының уақтылы бөлінбеуі. Бірақ, менің ойымша, 9 айдың қорытындысы бойынша біз жоспарды қуып жетеміз, әсіресе су тасқынынан зардап шеккен аудандарда салынып жатқан құрылыстарды ескеретін болсақ.

Халықты толғандырып отырған және кездесулерде маған жиі қойылатын келесі маңызды мәселе - инфляция, азық-түлік және қызмет көрсету бағаларының өсуі. Әрине инфляцияның бүгінгі деңгейін былтырғы жылмен салыстырар болсақ, 0,3 пунктке озып келеміз, бірақ, ауа райының салдарынан бізде көлік қатынасында күрделі проблемалардың болғанын тағы да еске салып өткім келеді. Бірақ та өткен жеті айдың қорытындысы бізде инфляцияның «нөлдік» деңгейде екенін көрсетіп отыр, пияз, картоп, қырыққабат бағаларында маусымдық қымбаттау болғаны рас, бірақ қазір жергілікті өнімдер пісіп, жағдай реттеліп келеді. Біз демалыс күндері өткізілетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін қайта жандандырып отырмыз, көтерме базарлар және жылжымалы дүкендер жұмыс істеуде.

Салық түсімдері туралы сауалыңызға келер болсақ: біздің жергілікті салықтық кірістер, былтырғы кезеңмен салыстырғанда, 2 миллиард теңгеге өсіп отыр.

Ал жалақы бойынша берешектерге келетін болсақ, өздеріңіз білесіздер, біз прокуратурамен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс органын құрдық. Комиссия табысты жұмыс істеп отыр: бүгінде Шығыс Қазақстанда жалақы бойынша берешек 70 миллион теңгені құрайды, бірақ біздікі сияқты үлкен өңір үшін бұл - анау айтқандай көрсеткіш емес. Осыдан жарты жыл бұрын бұл көрсеткіш 838 миллион теңгені шамалаған - комиссияның жұмысының арқасында біз жалақы бойынша берешекті едәуір төмендеттік. Аймақта банкроттыққа ұшыраған бірде-бір кәсіпорын жоқ. «Оңалу режиміндегі» кәсіпорындар бар әрине, ал мұндай режимдегі кәсіпорындардан жалақы бойынша берешектерді мәжбүрлі түрді өндіруге болмайды. Мысалы, Семейдегі «Жылукоммунэнерго» және «Семей су арнасы» кәсіпорындары, Өскемендегі - «ВостокРосскомплект», Глубокое ауданында «Убинка» кәсіпорындары. Аталған кәсіпорындардың барлығы бойынша жалақы жөнінде берешектерді өтеуді кестесі жасалған.

Дағдарыстың еңсерілуі туралы сауалыңызға келер болсақ, болжам жасауға әлі ертерек екенін айтқым келеді. Біздің аймақ көп жағдайда титан, магний, мырыш және мыс, басқа да түсті металдардың әлемдік бағаларының конъюнктурасына тәуелді. Дегенмен, дағдарысты біз еңсере алдық деуге негіз бар, себебі Қазақстан халқымыздың әл-ауқатының нашарлауына жол берген жоқ. Жұмыс бар, жалақы бар, адамдарды жұмыстан жаппай қысқарту үдерісі болған жоқ, ешқандай өндіріс тоқтаған жоқ. Құрылыстар, жол жөндеу жұмыстары, күрделі жөндеу жұмыстары, индустриялық жобалар - бәрі-бәрі қозғалыста. Бірақ, босаңсуға әлі ертерек, себебі Шығыс Қазақстанның серіктестері саналатын Еуропа және Америка елдерінде тұрақсыздық жағдай әлі сақталуда. Осы жайттарды ескере отырып, біз кез-келген жағдайға дайын болуымыз және оза жұмыс істеуіміз керек.

- Сіз аудандарды көп аралайсыз, халықпен көп кездесулер өткізесіз. Сіздің жиі сапарларыңызға жер-жердегі өкіметтің әлсіз жұмысы себеп пе, әлде бұл Сіздің жоғары жауапкершілігіңіздің көрінісі ме?

- Көп жүретін себебім, аудандардағы жағдайдың серпінін біліп отыруым керек. Бірінші сапарда тапсырмалар берсем, келесі сапарларда олардың орындалуын тексеремін.

- Бес бірдей ауданның әкімін ауыстырдыңыз - бұл тапсырмаларыңыз орындалмаған соң ба?

- Әрине. Барамын, биліктің жұмысын, оның аудан әлеуетін қалай пайдаланып отырғанын тексеремін. Жергілікті халық та әкімдердің жұмыстарына сын айтып жатады. Жергілікті өкімет «қалғып-мүлгімей», жатпай-тұрмай жұмыс істеулері керек. Мысалы, Ұлан ауданын алайық. Жақсы аудан. Ауданның қарқынды дамуына әлеуеті де, мүмкіншілігі де баршылық. Ол жерде ауыл шаруашылығын дамытуға, сөйтіп қала тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз етуге болады. Ал іс жүзінде олай емес. Аягөз ауданы ше. Онда өнеркәсіптікк, көлік және ауыл шаруашылығы әлеуеттерін дамытудың тамаша мүмкіндіктері бар. Сондай мүмкіндік бола тұра, олар бірінші жартыжылдықта кіріс бойынша жоспарларын орындай алмай отыр және бұл бірінші рет емес. Бұлай болмауы керек. Бұл екі ауданның әлеуеті толық пайдаланылмай отыр, сондықтан да мен әкімдерді ауыстырдым, ротациялар жасадым.

- Бердібек Мәшбекұлы, Шығыс Қазақстанның облыс орталығы үлкен қонақтарды қарсы алуға дайындалып жатыр. Президенттердің қатысуымен өтетін Ресей және Қазақстанның аймақаралық ынтымақтастығының жетінші форумына аз ғана уақыт қалды. Басқа да елдермен ынтымақтастық орнатудың жетістіктері бар ма?

- Бізде Беларусь Республикасының Могилев облысымен тығыз қарым-қатынас орнатылып келеді, бұл бағытта нақты жетістіктер де бар: Өскеменде бірлескен кәсіпорында лифтілер шығарыла бастады, «Беларусь» тракторын құрастырып жатырмыз. Сондай-ақ «Шығыс-сүт» кәсіпорны беларустың «Бабушкино лукошко» сүт зауытымен (Могилев облысы) бірлесіп жұмыс істей бастады. Беларус технологиясы 1 литр сүттен 222 шақты өнімнің түрін шығаруға мүмкіндік береді, ал біз 1 литр сүттен небәрі 20 сүт өнімін шығаарамыз. Беларустық әріптестер біздің зауытқа жабдықтар орнатады, технологиясымен бөліседі.

Және біз медициналық бағыт бойынша Израиль елімен ынтымақтастық орнатудамыз - облыс аумағында израильдің медициналық емханаларының жұмысын ұйымдастыруды ойластырудамыз. Біздің тарапымыздан ғимарат қана керек, қалған жұмыстың бәрін - қайта жаңарту, жабдықтау, дәрігермен қамтамасыз ету жұмыстарын Израиль жағы өз мойнына алып отыр. Және біз мажарлармен де жұмысты бастап отырмыз. Сөзімнің басында инвесторлар туралы айтып өткен болатынмын. Инвестициялар қомақты болуы үшін, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік форматында жұмыс істеу керек, мажарлармен арадағы жобада біз дәл осы тетікті қолданып отырмыз. Мажар тарабы қаржы салады, біз де белгілі бір пайызда қаржы бөлеміз, және сол ақшаға мектеп, аурухана, балабақша сияқты әлеуметтік нысандар салынады.

Ал Ресейдің Алтай өлкесімен арадағы ынтымақтастығымыз әзірге гуманитарлық саламен шектеліп отыр. Дегенмен, алдағы аймақаралық ынтымақтастық форумы бізге жаңа мүмкіндіктер ашып береді деген үміттеміз.

-
Сұхбатыңызға рахмет.