14:03, 17 Маусым 2009
Дағдарысты еңсеру халықтың өз қолында - Бәйкен Әшімов
АЛМАТЫ. Маусымның 17-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Дағдарысты еңсеру халықтың өз қолында. Халық бірлігі – табыс кепілі. Оны белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Бәйкен Әшімов бүгін Алматыда Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевпен болған кездесуден кейін айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазір кім қандай мақала жазса да сөзді дағдарыстан бастайды. Мемлекеттік хатшымен елдің қазіргі жайы туралы әңгімелестік. Ол кісі елді көп аралайды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыстарда жиі болады. Қазір, шүкіршілік, елдің жағдайы жаман емес. Биылғы жыл жауын-шашынды болып тұр. Астық шығымы жақсы болады. Астық болған жерде -тоқшылық болады», дейді Бәйкен Әшімов. Оның айтуынша, дағдарысты еңсеру халықтың өз қолында. Бірлігі бекем ел кез-келген қиындықты жеңе алады. Оған Елбасының да, Үкіметтің те, халықтың да сенімі зор.