Дағыстан: Содырлар жасырынған үйден қуаты 50 келі тротилге балама бомба табылды

АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат - Дағыстанның Хасавюрт ауданында арнайы операция барысында содырлар жасырынған үйден қуаты 50 келі тротилге балама бомба мен мина табылды, деп хабарлады Ресейдің «Жаңалықтар» ақпарат агенттігі РФ Ұлттық лаңкестікке қарсы комитетіне сілтеме жасап.

«Содырлар жасырынған үйден магнит мина (қуаты 1 келі тротилге балама) мен қуаты 50 келі тротилге балама қолдан жасалған бомба табылды. Федералды қауіпсіздік қызметінің мамандары оны залалсыздандырумен айналысуда», - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін түнде Хасавюрт ауданында күдікті адамдар көзге түсіп, олар Карланюрт ауылындағы жеке үйлердің біріне жасырынған еді. Қарулы қақтығыс барысында құқық қорғау органдарының 3 қызметкері қаза тауып, бесеуі жарақаттанды. Ал барынша қарулы қарсылық көрсеткен 4 содырдың көзі жойылды. Қазіргі уақытта олардың екеуінің аты-жөндері белгілі.