Дағыстандық екі браконьерге үкім шықты

АСТАНА. 11 сәуір. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Атырау қаласының №2-ші соты Дағыстан азаматы болып табылатын ағайынды Газиевтерге үкім шығарды.

Бұл туралы ҚазАқпарат Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«8 сәуірде Атырау қаласының №2-ші соты екі дағыстандық браконьерге, Магомед пен Мұрат Газиевке үкім шығарды. Аталған тұлғалар өздерінің жанындағы 9 сыбайласымен бірге өткен жылдың қараша айының соңына таман заңсыз балық аулау барысында тұтқындалған болатын. Тұтқындау барысында браконьерлер тарапынан қарулы қарсылық көрсетулер де орын алды. Соның салдарынан туындаған атыс барысында екі браконьер қаза тапқан болатын», - делінген баспасөз хабарламасында.

Қылмыстық кодекстің 287-бабы 3-тармағында қарастырылған: «ірі көлемде бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз аулау» қылмысын жасағаны үшін браконьерлерді 2 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылды. Олардың мүліктері де тәркіленетін болады.