«Біз Интернет арқылы, елге экстремистік кітаптар мен түрлі миссионерлердің заңсыз келуі арқылы экстремизм және лаңкестік иделогиясын насихаттаудың, оған жаппай тартудың фактілеріне куәгер болудамыз. Интернет желісінен экстремистік контентті жоюдың бірыңғай тәртібін халықаралық деңгейде айқындаудың қажеттілігі бұрыннан сұранып отыр», - деді ҚР ҰҚК басшысы.
Оның айтуынша, бүгінде әлемдегі лаңкестік ұйымдардың бірыңғай тізімін жасап, осындай ұйымдарға көмектескені үшін саяси және экономикалық санкцияларды орнату керек.
«Бүгінде ДАИШ пен «Боко Харам» өзінің ауқымы бойынша әл-Каидадан асып түскенін байқап отырмыз. Қазіргі кезде олар жаңа деңгейге шығып, түрлі елдерде олардың белсенділерінің заңсыз және заңды болуының мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылуда», - деді Н.Әбіқаев.
Осы орайда ол аталған лаңкестердің тарапынан қазіргі заманғы ақпараттық-психологиялық ықпал етудің әдістері пайдаланылып отырғандығын атап өтті.
«Шын мәнінде олар бөлек мемлекеттерге ғана емес, сонымен қатар барша әлемдік қоғамдастыққа соғыс жариялап отыр», - деді ҰҚК төрағасы.