Петропавлдағы бірінші қалалық аурухананың мәліметінше, жұқпалы аурулар бөлімшесіне жоғары дене қызуына, қатты бас ауруына және әлсіздікке шағымданған әйел түсті.
Айтуынша, бірнеше күн бұрын үстінен кене тапқан.
- Шағып тұрған кенені емханаға барып алғыздым. Мамандар шаққан жерін өңдеді. Ауру белгілері болмағаннан кейін үйге кеттім. Бірер күннен кейін жағдайым нашарлап, температурам көтерілді, денем қалтырап, өзімді қоярға жер таппадым, - дейді сырқат.
Тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгінген оны дәрігерлер бірден жұқпалы аурулар бөлімшесіне жатқызды. Науқасқа Rickettsia Siberica туындаған дақ безгегі деген диагноз қойылды.
Жүргізілген ем-дом нәтижесінде әйелдің беті бері қарады.
- Кене арқылы жұғатын инфекциялар көп жағдайда бастапқы кезеңде білінбейді. Әдетте адамда дене қызуының аздап көтерілуі, әлсіздік, бас ауруы сияқты белгілер ғана байқалады. Осыған байланысты адамдар медициналық көмекке кеш жүгінеді. Кене шаққаннан кейін уақыт оздырмай дәрігерге қаралу маңызды. Ерте тексеруден өткен жағдайда науқасқа ем дер кезінде қолданылады. Бұл аурудың жеңіл өтуіне және асқыну қаупінің төмендеуіне мүмкіндік береді, - дейді дәрігерлер.
Ал медициналық көмекке кеш жүгіну инфекцияның ағзаға кеңінен таралуына, улану белгілерінің күшеюіне, дене қызуының жоғарылауына әкелуі мүмкін. Сондай-ақ ауру қан тамырлары мен ішкі ағзаларды, соның ішінде бауырды, жүректі, өкпені зақымдап, кей жағдайда жүйке жүйесіне де әсер етуі ықтимал. Мұндай жағдайда емдеу ұзаққа созылады.
Солтүстік Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, күн жылынғалы кенелердің белсенділік кезеңі басталды. Бүгінгі таңда кене шаққаннан кейін 711 адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың 188-і - 14 жасқа дейінгі балалар.
Бұған дейін кене шаққан жағдайда не істеу керектігі жөнінде дәрігерлердің кеңесін берген едік.