Дакар-2026 жасөспірімдер Олимпиадасына билеттер сатылымы басталды

АСТАНА. KAZINFORM – Дакарда (Сенегал) өтетін 2026 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасының ұйымдастыру комитеті алдағы жарыстарға билеттер сатылымының басталғанын жариялады. Бұл туралы ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті хабарлады.

Фото: ҚР ҰОК

Сатылымның алғашқы кезеңі 6 тамызда басталып, 9 тамызға дейін жалғасады. Бұл аралықта билеттерді тек Visa карталарының иелері сатып ала алады. Ал 10 тамыздан бастап сатылым барлық қалаушыға қолжетімді болады.

Билеттерді «Дакар-2026» ойындарының ресми билет сату платформасы арқылы онлайн түрде сатып алуға болады. Ол үшін пайдаланушылар жүйеде тіркеліп, өздерін қызықтыратын спорт түрі мен жарыс сессиясын таңдап, билет санын көрсетіп, төлем жасауы қажет. Ұйымдастырушылар жарыстарды, салтанатты рәсімдерді және жанкүйерлерге арналған іс-шараларды тамашалауға мүмкіндік беретін бірнеше санаттағы билеттерді ұсынған. Билеттердің бағасы 1000 КФА франкінен (шамамен 1,8 АҚШ доллары) басталады.

Сонымен қатар, құны 1500 КФА франкінен (шамамен 2,6 АҚШ доллары) басталатын бір күндік абонементтер (Day Pass) сатылымға шығарылады. Олар көрерменге бір күн ішінде бірнеше жарысты тамашалауға мүмкіндік береді.

Ашылу салтанатына арналған билеттердің бағасы А санаты үшін 9000 КФА франкін (шамамен 15,8 АҚШ доллары), ал B санаты үшін 5000 КФА франкін (шамамен 8,8 АҚШ доллары) құрайды. Жанкүйерлер аймақтарына кіру тегін болады. Жалпы алғанда, ұйымдастырушылар шамамен бір миллион билет сатуды жоспарлап отыр.

Дакардағы жасөспірімдер Олимпиадасы 2026 жылдың 31 қазаны мен 13 қараша аралығында өтеді. Жарыстар Дакар, Диамниадио және Сали қалаларында ұйымдастырылады. Ойындарға әлемнің түкпір-түкпірінен шамамен 2700 жас спортшы қатысып, спорттың 25 түрі бойынша бақ сынайды.

Айта кетейік, Дакар-2026 ойындары жазғы жасөспірімдер Олимпиадасының тарихындағы төртінші дода болмақ. Сонымен қатар, бұл Африка құрлығында алғаш рет ұйымдастырылатын Олимпиада қозғалысына қатысты ірі спорттық шара.

Еске салсақ, Қазақстан құрамасы алдағы ойындарда 11 спорт түрінен өнер көрсету құқығына ие болды. Қатысушылар қатарына 18 қазақстандық спортшы енді. Алайда жолдамалар спортшылардың атына тіркелмеген, сондықтан ұлттық құраманың нақты құрамы кейінірек анықталады.

Қай жас спортшылар 2028 жылғы Олимпиадада топ жаруы мүмкін екенін жазған едік.