Жүк көліктері санатында қашықтықты төрт сағат он минут 24 секундта жүріп өткен голландиялық «Ивеконың» шабандозы Жерар де Рой жеңіске жетті. Екінші болып «КамАЗ-Мастер» командасының жүргізушісі Андрей Каргинов келді. Оның командалық әріптесі Эдуард Николаев үшінші орыннан көрінді.
Қазақстандық Артур Ардавичус, Алексей Никижев және Радим Капланеканың «Tatra» көлігі төрт сағат 57 минут көрсеткішпен 12-орыннан табылды. Бұл қазақстандық экипаждың жалпы есепте екі сатыға көтерілуіне мүмкіндік берді. Енді ол 14-ші орында.
Сондай-ақ «Proto Overdrive» көлігімен сайысқа түскен Айдын Рахымбаев пен Владимир Демьяненконың экипажы 21-ші болып жетті. Ал Т2 тобындағы Денис Березовский мен Игнат Фальков мәреге 41-ші болып келді. Осы кезеңнен кейін Рахымбаевтың тобы жалпы есепте 18-ші, ал Березовскийдің экипажы 37-ші орыннан табылды.
Бүгін, 18 қаңтарда «Дакар» ралли-марафонының соңғы 12-ші кезеңі басталады. Жарыс Ла-Серенада басталып Вальпараисо қаласында аяқталады.