Дәл бүгінгі күні президент ретінде Н. Назарбаевқа балама кандидатты көріп отырған жоқпыз - С. Героев

АСТАНА. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Дәл бүгінгі күні президент ретінде Нұрсұлтан Назарбаевқа балама кандидатты көріп отырған жоқпыз.

Бүгін Астана қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өткізілген «Н. Назарбаев - ұлт бірлігі мен Қазақстанның жарқын болашағының негізін қалаушы» тақырыбындағы жиын барысында «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы, Астана қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Салман Героев осылай мәлім етті.

Естеріңізге сала кетейік, аталған жиын ҚР Президентінің өкілеттігін ұзарту жөнінде референдум өткізу туралы бастаманы қолдау мақсатында өткізіліп отыр.

«Менің ойымша, Қазақстан мемлекеттік тұрақтылықта дамып, өзінің қауіпсіздігін, ұлтаралық келісімін одан сайын жаңғырта беруі үшін де Елбасы Н. Назарбаевтың алға жүктеген міндеттерін орындауға тиіспіз. Бұндай міндеттердің баршасы мемлекеттік бағдарламаларда көрініс тапқан. Ендеше, оны орындауға ештеңе кедергі болмауы шарт. Қандай да сайлауларға да алаңдамауымыз керек. Сонымен бір кезекте біз егер президенттік сайлау ұйымдастырылып, оған Н. Назарбаевтың кандидатурасы ұсынылатын болса, сөзсіз халықтың басым бөлігі Елбасына дауыс беретінін сеземіз. Өйткені, біз дәл осы күні Н. Назарбаевқа балама кандидатты көріп отырған жоқпыз», - деді Астана қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Салман Героев. Сонымен бірге, ағымдағы жылғы желтоқсанның басында өткен ЕҚЫҰ Астана Саммитінің Қазақстан Президентінің мерейін тағы бір мәрте өсіргенін айтқан С. Героев, бұндай ауқымды шараның арқасында Қазақстанның сыртқы саяси ұстанымы нығая түскендігін атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, бүгіннен ҚР Президенті - Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың президенттік өкілеттілігін 2020 жылғы 6 желтоқсанға дейін ұзарту жөніндегі референдумның бастамашыл тобы жұмысқа кірісіп отыр.