Дәл қазіргі таңда қазақ тілінің басына төніп тұрған қауіп жоқ - М. Құл-Мұхаммед

None
АСТАНА. Қаңтардың 23-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед дәл қазіргі таңда қазақ тілінің басына төніп тұрған қауіп жоқ деп санайды. Ол бұл пікірін бүгін министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісінде білдірді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, қазіргі кезде Қазақстанның жалпы білім беретін мектептерінде 2,5 миллионнан астам оқушы білім алуда. Солардың 1,5 миллионы қазақ тілінде оқиды. «Егер кешегі тоқырау деп айтылған жылдарда Алматыда қазақ тілінде білім беретін 2 мектептің болғанын, ал солтүстіктіктегі кейбір облыстардың орталықтарында бірде-бір қазақ мектебінің қалмағанын ескерсек, бүгінде 1,5 млн. қазақ тілінде білім алып жатқан балаларды қазақ тілінің ертеңгі болашағы деп айтуымызға болады. Сондықтан бұл салада атқарған жұмыстарымыздың бәрі бірдей көкейімізден шыға бермесе де, дәл қазіргі кезеңде қазақ тілінің басына төніп тұрған қауіп жоқ деп есептеймін», деді М. Құл-Мұхаммед. «Дәл осындай қарқынмен алға жылжитын болсақ, бұл саладағы қордаланған проблемалардың рет-ретімен шешілетініне сенімім мол», деп тұжырды сөзін министр. М. Құл-Мұхаммед «өткен ғасырдың 80-ші жылдарының басында қазақ тілі дамуының перспективасына төнген қауіп бүгінде жоқ деп айтуға толық негіз бар», деген ойын білдірді.