«Құрметті өнер сүйер қауым, қадірлі фестивальге қатысушылар. «Дала дауысы» радио фестивалін өткізу туралы игі бастаманы қолға алып, сол арқылы халқымыздың қайталанбас бай мәдениеті мен өнерін насихаттауға өз үлесін қосып келе жатқан Қазақ радиосы ұжымына шынайы алғыс айтамыз. Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен жыл сайын дәстүрлі ән, эстрада саласында халықаралық, республикалық конкурстардың өткізіліп отыратындығы өздеріңізге белгілі. Десек те, «Дала дауысы» фестивалінің мәні мен орны бөлек. Себебі, бұл фестиваль қатысушылар мен тыңдармандардың саны жағынан ауқымды шараға, айтулы мерекеге айналды. Бірнеше ай бойы тыңдармандардың ыстық ықыласына бөленген танымал әншілердің орындауындағы әндер өнерсүйер қауымның сұрыптауынан өтіп, лайықты бағасын алғалы отыр. Өзгелерден оқ бойы озық шыққан жезтаңдай әншілеріміз алдағы уақытта да еліміздің музыка өнерін алға қарай ілгерлете берері сөзсіз. Бұл радио фестиваль музыка өнерінің кәсіби жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашып, болашақта жоғары беделге ие болады деген сенімдеміз», - делінген министр құттықтауында.
21:01, 21 Желтоқсан 2012
«Дала дауысы» фестивалі музыка өнерінің кәсіби жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашып, болашақта жоғары беделге ие болады - Д.Мыңбай
АСТАНА. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат - «Дала дауысы» фестивалі музыка өнерінің кәсіби жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашып, болашақта жоғары беделге ие болады. Бұл туралы «Дала дауысы» радио фестивалінің қорытынды концертіне құттықтау жолдаған ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбайдың хатында айтылған.