Абай облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Жарма ауданы Бозжыра ауылдық округінде дала өртін сөндіру кезінде денесін күйік шалған екі өрт сөндіруші қазір ауруханада жатыр.
«№22 өрт сөндіру бөлімшесінің командирі Амангелді Тұрлыбеков шұғыл түрде республикалық медициналық авиациямен Семей қаласының жедел жәрдем ауруханасына жеткізілді. Қазір жансақтау бөлімінде жатқан азаматтың жағдайы ауыр», - делінген ақпаратта.
Ал аталған бөлімнің өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғаудың қатардағы қызметкері Нұрлан Сәлімжанның қолын термиялық күйік шалған.
«Ол Жарма ауданы Шар қаласындағы ауруханада дәрігерлердің бақылауында. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып, толық ақпарат жиналып жатыр», - делінген әкімдік хабарламасында.
Еске салсақ, осыған дейін Абай облысында 3 өрт сөндірушіні күйік шалып, олардың бірі көз жұмғанын хабарлаған едік. Қаза болған 36 жастағы сержант Айдос Тоғызбаевтың артында 5 баласы қалды. Ол ІІІ дәрежелі «Айбын» мемлекеттік наградасына ұсынылды.
Видеодан алынған кадр