Жаңа редакцияға сәйкес, өртті байқаған кезде жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік өртке қарсы қызметке хабарлайды. Сонымен қатар өрт сөндіру пункітінің күші мен құралын тартуды ұйымдастырады.
Өрт сөндіру басшысының міндеттері:
— өрт сөндіру күші мен құралдарына басшылық етеді;
— қойылған міндеттердің орындалуына және өртті сөндіру бойынша жұмысты қауіпсіз жүргізуді қамтамасыз етуге жауап береді;
— өрт түрін, оның қарқыны мен көлемін, жер бедерін, ағымдағы және болжамды ауа-райы ерекшелігін, өрт сөндіру күші мен құралының бар-жоғын ескере отырып, өрт сөндірудің тактикалық тәсілі, әдісі мен амалын таңдауды жүзеге асырады;
— өрт сөндіру бойынша іс-қимыл жүзеге асырылатын аумақтың шекарасын, көрсетілген іс-қимыл тәртібін белгілейді;
— қосымша күш пен құралдар тартудың қажеттілігін анықтайды;
— өрт жағдайының өзгеруін үздіксіз бақылайды және тиісті шешім қабылдайды;
— өрт сөндіру үшін, көлік пен басқа да материалдық-техникалық құралдарды қоса алғанда, кәсіби, салалық өртке қарсы қызметтің және өртке қарсы ерікті құралымдардың күші мен құралын тартады;
— өртті сөндіру жұмысын жүргізу кезеңінде цех пен басқа да объектілердің жұмысын тоқтата тұруға, адамдарды, материалдық құндылықтарды қауіпті аймақтан эвакуациялауға өкім береді.
— Өрт сөндіру кезінде жергілікті атқарушы органдар құтқарушыларды жанар-жағармай және тамақпен қамтамасыз етеді, — делінген құжатта.
Айта кетсек, кеше өрт сөндірушілер Қостанай облысындағы дала өртімен күресті.
Сондай-ақ Қазгидрометтің хабарлауынша, 10 облыста әлі де өрт қаупі бар.