Далада ұзақ жүрмеңіз: Өскеменді түтін басып тұрғанына ертең алтыншы күн
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында ертең тағы да қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасады.
Қалада 27 наурыздан бері жел соқпай тұр. Екінші дәрежелі қолайсыз метеорологиялық жағдайдың салдарынан (ҚМЖ) көшелерді түтін тұмшалап алған.
«Қазгидромет» РМК мәліметіне сүйенсек, 31 наурыз сағат 20.00-ден бастап 1 сәуір сағат 20.00-ге дейін шаһар бойынша ҚМЖ сақталады.
Айта кетейік, мамандар осындай күндерде тұрғындарға келесі кеңестерді қаперде ұстау қажеттігін ескертеді:
- Далада ұзақ жүрмеу;
- Пәтердегі терезелер мен желдеткіштерді жабу;
- Қайнатылған, тазартылған немесе газсыз минералды су мен шәй ішу;
- Ас содасының ерітіндісімен тамақты жиі шаю;
- Тамақтану рационына құрамында пектині бар азық-түліктерді, мысалы, пісірілген қызылша, қызылшаның шырыны, алма, жеміс киселі, итмұрыннан, рауағаштан жасалған дәруменді сусындарды, шөптердің қайнатпасын, табиғи шырындарды қосу;
- Балалардың тамақтану рационында сүт және сүт өнімдерін, ірімшік, ет тұтынуды көбейту;
- Уытты заттарды шығару және ағзаны тазарту үшін таган-сорбент, индигель, тагангель, белсендірілген көмірді қолдану;
- Балаларды балабақшаларда серуенге шығармауға, мектептерде далада дене шынықтыру сабақтарын өткізбеуге кеңес беріледі.
Еске салсақ, бұған дейін Өскеменде оқушылар сабақты 7.30-да бастамайтын болғаны жайлы жазғанбыз.