Дамаск маңында микроавтобус жарылып, 14 адам зардап шекті

АСТАНА. KAZINFORM – Сирия астанасы Дамаск маңындағы Джарамана қаласында жолаушылар мінген микроавтобус жарылды. Салдарынан 14 адам жарақат алды. Билік оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу бастады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: SANA

6 тамыз күні кешке Дамаск маңындағы Джарамана қаласында жолаушылар микроавтобусына қойылған жарылғыш құрылғы көлік қозғалыс кезінде іске қосылды.

Сирияның SANA агенттігі Ішкі істер және Денсаулық сақтау министрліктеріне сілтеме жасап хабарлағандай, жарылыс салдарынан 14 адам зардап шекті. Олардың үшеуінің жағдайы ауыр.

Сирия Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ішкі қауіпсіздік күштері оқиға болған аумақты қоршауға алып, айғақтарды жинауға кіріскен. Қазір жарылысты ұйымдастырғандарды анықтау және ұстау бағытында тергеу жүргізіліп жатыр.

Жұма күні Сирия Денсаулық сақтау министрлігі бұған дейін тараған екі адамның қаза тапқаны туралы ақпараттың расталмағанын мәлімдеді.

Тексеру барысында оқиға орнынан табылған адам денесінің бөліктері қаза болғандарға емес, ауыр жараланып, операция жасалып жатқан зардап шеккендерге тиесілі екені анықталған.

Жаңартылған ресми мәліметке сәйкес, 14 адам жарақат алған, қаза тапқандар жоқ.

Әзірге Сирия билігі шабуылға қатысты ешкімге айып таққан жоқ.

Сирияның Сыртқы істер министрі Асаад аш-Шайбани әлеуметтік желідегі парақшасында шабуылды айыптап, мұндай әрекеттер елдегі өтпелі кезеңнің жалғасуына кедергі келтірмейтінін айтты.

Жарылыс қарбалас уақытта Джарамана ауданының орталығындағы Әл-Рауда көшесінде болды. Бұл – негізінен друздар мен христиандар тұратын ауданның басты көшелерінің бірі.

Джарамана 2024 жылдың желтоқсанында бұрынғы президент Башар Асад елден кеткеннен бері тұрақсыздық ошағына айналды.

2025 жылдың басында мұнда қарулы друз жасақтары мен үкімет күштері арасында қақтығыстар болған.

Сол жылдың сәуір және мамыр айларында Джараманада конфессияаралық зорлық-зомбылық оқиғалары тіркелді. Кейіннен бұл жағдай Дамаск билігі мен Джарамана және Сувейдадағы друз қауымының жетекшілері арасында қарусыздану жөніндегі келісімдердің жасалуына негіз болды.

Al Jazeera телеарнасы соңғы күндері Джараманадағы ахуалдың қайта шиеленіскенін хабарлады. Екі күн бұрын қалада Сувейдадағы заңбұзушылықтарға кінәлілерді жауапқа тартуды талап еткен наразылық акциялары өткен.

Сирия астанасында жарылыс болып, бірнеше адам зардап шекті.