Биыл бұл тарихи-мәдени ескерткіштер ресми түрде таныстырылмақ. Бұл туралы бүгін Астанада ЮНЕСКО мен ИСЕСКО ісі бойынша ұлттық комиссияның отырысында ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мәлім етті.
Оның айтуынша, республикамыздың 12 облысында тек өткен жылдың өзінде 19 тарихи-мәдени ескерткішті жөндеуден өткізу жұмыстары басталды. Оның 7-еуі қазіргі уақытта толықтай аяқталды. «Соның ішінде біз өз тарихымызда тұңғыш рет Қазақстанның шеңберінен шығып, шет елдегі өзіміздің тарихи-мәдени мұрамызға қайта жөндеу жұмыстарын жасау мүмкіндігіне ие болдық»,- деп атап көрсетті ол.
«Елбасының тапсырмасы бойынша, қазір Дамаскідегі Бейбарыс жатқан кесене мен оның іргесіндегі кітапхана түгелдей қайта жөндеуден өткізілді. Оның басына жаңадан құлпытас қойылды. Құдай қаласа, осы жылдың аяғына дейін оның ресми таныстырылымын жасайтын боламыз»,-деді Қ. Мұхаммед.