Дамаскідегі қару-жарақ қоймасында жойқын жарылыс болды

ӘБУ-ДАБИ. 2 тамыз. ҚазАқпарат - Сирияның орталық бөлігіндегі Хомс провинциясында қару-жарақ сақталатын қоймадан шыққан қатты жарылыс салдарынан кемінде жиырма екі адам қаза тапты, деп хабарлайды аймақтық БАҚ.

«Әл-Арабия» телеарнасының хабарлауынша, бейсенбі күні оппозициялық күштер үкімет армиясының ірі қару-жарақ қоймасын атқылаған. Шетелдік құқық қорғаушылардың мәліметтеріне сәйкес, әзірге жиырма екі адам қаза тапты деген ақпарат бар. Олардың ішінде азаматтық тұлғалар да кездеседі, ондаған адам жарақат алды.

Араб БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, лаңкестік оқиғасы бүгін Сирияда атап өтіліп жатқан елдің Қорғаныс күштері күнімен сәйкес келіп отыр. Күннің бірінші жартысында ел президенті Башар Асад Дамаскінің оңтүстік қала маңындағы Дарайя ауданында орналасқан әскери бөлімге барып, сириялық әскерилерді арнайы құттықтаған.

БҰҰ мәліметтеріне қарағанда, 2011 жылдың наурыз айынан бері сириялық қақтығыстарда жүз мыңнан аса адам қаза тапқан.