Дәмі тәтті жеңіліс - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 17 қыркүйек, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

Еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газеті Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Сочи қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің ХІІ өңіраралық ынтымақатастық форумына қатысқанын жаза келе, форум кезінде екі елдің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұсынылғанын хабарлайды. «Жалпы, мұндай пішімдегі кездесулер 2003 жылдан бері үзіліссіз, дәлірегі, жыл сайын екі елдің өнеркәсібі өркендеген өңірлерінде кезекпен өткізіліп келеді. Осы аралықта аталған форум аясында 200-ден астам келісім жасалды. Нәтижесінде, екі жаққа да пайдалы, тиімді жұмыстар жүзеге асырылуда. Сондықтан да, бұл форумды Қазақстан-Ресей қарым-қатынасының нығая түсуіне өзіндік ықпалын тигізіп отырған беделді, салиқалы басқосу деп санауымызға әбден болады. Бұл туралы басылымның бүгінгі санындағы «Қазақстан - Ресей: кең өрісті келісімдер» атты мақаладан оқи аласыздар.

«Егемен Қазақстан» газеті бүгін сондай-ақ Қазақ хандығына дейінгі және Қазақ хандығы кезеңіндегі Қазақстан аумағындағы қала және дала мәдениеті туралы талдамалы материал ұсынған. «Моңғол шапқыншылығының алғашқы кезеңінде Қазақстандағы қарқынды дамуға бет алған отырықшы және қала мәдениеті аяусыз талқандалғанымен, ХІІІ ғасырдың орта шенінде Оңтүстік өңірдегі қала тіршілігі біршама жандана түскені байқалады. Қалалар қайта еңсе көтеріп, сауда және дипломатиялық байланыстар торабына айналып, халық тұрмысы жақсара түскені тарихи шындық. Жазба деректер мен археологиялық қазба олжаларына зейін салған тарихшылар Сырдарияның Отырар, Зернұқ, Сауран, Ясы, Сығанақ қалаларын айрықша атайды»,-деп жазады басылым. Бұл жөнінде «Тарих тағылымы - ұрпаққа ұлағат» атты мақаладан толық оқуға болады.

***

«Айқын» газеті бүгінгі санында Қазақстан футболының тарихында алғаш рет УЕФА Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінде дебютті матчын ойнаған «Астана» командасының ойынын «ұялатын ештеңеміз жоқ» деп жазады. «Чемпиондар лигасы. С тобы.

«Бенфика» (Португалия) - «Астана» - 2:0 (Гайтан, 51, Митроғлы, 62)

«Галатасарай» (Түркия) - «Атлетико» (Испания) - 0:2

Чемпиондар лигасындағы алғашқы матч үшін ұялатын ештеңеміз жоқ. «Астана» өте жинақы, ең бастысы, лига талаптарына сай ойын көрсетті. Білуімізше, бұл топта біздің команда ұпай таратушы болып қалмайды»,,-деп жазады басылым. «Айқын» атап өткендей, «Астана» қорғанысқа бүк түсіп жатып алған жоқ. Әдетте, біздің командалар өзінен даңқы да, шеберлігі де, беделі де басым ұжымға жолықса, арлан көрген күшіктей бүгежектеп қалатын еді. «Астана» шабуылға шабуылмен жауап беріп, бұл турнирдің кездейсоқ қатысушы емес екенін сәт сайын дәлелдеп жатты. Стойлов бұл күні өз шәкірттерінің бар мүмкіндігін сарқа пайдаланды. Ортадағы Каньяс-Жуков-Максимович үштігінің ішінде Жуков әдеттегі ойындарда шабуылға көп араласатын еді. Бұл күні қарсыласты күтіп алуға негізгі жауаптылардың бірі болды. Жуковтың кездесу қорытын-дысында Чемпиондар лигасының алғашқы ойын күніндегі ең дөрекі футболшының бірі болып танылуы да кездейсоқ емес. Бұл туралы Айқынның бүгінгі санындағы «Д әмі тәтті жеңіліс » атты мақаласынан оқыңыздар.

***

Ал, «Экспресс-К» басылымы бүгін Астана қаласының сыртындағы жолдардың бірінде автожолдың қақ ортасына қойылған баған туралы жазады. «Астана қаласының маңында, Оқжетпес көшесінде, жолдың қақ ортасында жарық бағаны орнатылыпты. Бұрын, Оқжетпес көшесінде асфальт төселмеген кезде, бұл баған ешкімге кедергі келтірмеген еді. Ал, қазір, асфальт төселген кезде, көліктер бұл бағаннан қатты «қорқады», деп жазады басылым. Бұл туралы «Экспресс-К» газетінің бүгінгі санындағы «И чего вы тут столбились?» деген мақаласынан оқыңыздар.