деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сенатордың айтуынша, Есеп комитетінің тексерістері бірқатар даму институттарының мемлекет қаражаттарын тиімсіз пайдаланып жатқанын анықтап берген. «Атап айтқанда, тек «Қазақстанның Инвестициялық қоры» АҚ-ның өзінде 2007-2008 жылдардағы залалды шығындары 13,7 млрд. теңгені құраған. Бұнымен қоса, аталған қор тарапынан қаржыландырған жобалардың тек екеуі ғана аяқталып, қалған 18-і әлі жүргізіліп келеді. 2004 жылдан бері қаржыландырылып келе жатқан және 2006-2009 жылдары аяқталуы тиіс 16 инвестициялық жоба әлі де қолданысқа берілмеді. Бұдан бөлек, 20 шақты жобаларға қатысты арыз-шағымдар тексеріліп жатыр», деді Н. Жолдасбаева.
Оның айтуынша, дәл осыған ұқсас жағдай «Ұлттық инновациялық қор» АҚ-да да орын алған. Бұл қор еліміздегі жалпы инновациялық белсенділікті арттыру мақсатында құрылған болатын. 2003-2007 жылдары аралығында «Ұлттық инновациялық қор» АҚ-ның жарғылық капиталын толтыруға 32,3 млрд. теңге бөлінген. «Бірақ Есеп комитетінің мәліметтеріне қарағанда, 2003, 2006, 2008 жылдары аталған Қор тарапынан 11,8 млрд. теңге залал келтірілген. Тіпті 2006 жылы 838 млн. теңгесін «ВалюТранзит» банкке орналастырған, енді қаражат қайтарылмайтын шығындар ретінде есептелуде», деді сенатор. Сонымен бірге, депутат бұлардан бөлек тағы бірқатар даму институттарының қызметінде кеткен олқылықтарды алдыға тартып, олар бойынша нақты мысалдар келтірді.
«Ағымдағы жылғы Елбасының Жолдауы бойынша елімізде жалпы ауқымы 6,5 триллион теңге инвестицияны құрайтын 162 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұнымен қоса, өңдеуші өнеркәсіптегі еңбек өнімділігі 2 есеге, ауыл шаруашылығында кем дегенде 4 есеге, ал кәсіпорындардың инновациялық активтер үлесі 4-тен 20 пайызға артуы тиіс. Алайда, даму институттары субъектілері сенімнен шықпай отыр, нақты үйлестіру жүйесі, нақты мониторинг жоқ. Залалдардың орын алуы да бақылаудың жоқтығын білдіреді. Сондықтан да, жаңа қаржы құралдары қалай жұмсалатынын, бақылау жүйесінің өзгерістерін біліп отыру қажет», деді сенатор.