«Даму» қоры бизнес жобалар бойынша 2013 жылы 2,5 мың субсидия береді

None
АСТАНА. 6 қараша. ҚазАқпарат - «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры 2013 жылы 2500-ден астам кәсіпкерлер жобасын субсидиялауды және несиелер бойынша берілетін кепілдікті кемінде 400 жобаға жоспарлап отыр,

деп хабарлады ҚР Премьер-Министрінің ресми сайты қаржы ұйымы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Субсидиялау кәсіпкерлер үшін бар болғаны 7 пайыз жылдық үстемеақымен және кей ретте одан төмен пайызбен банктерден несие алуға мүмкіндік тудырса, кепілдік толық кепілзатсыз-ақ кредитке қол жеткізуге жағдай жасайды», делінген Қор мәлімдемесінде.

Сонымен қатар, «Даму» Қоры биылғы жылдан бастап моноқалаларда жүзеге асырылатын жобаларды субсидиялауды қолға ала бастады. Бұл бағдарламаның ерекшелігі салалық шектеудің болмауында, яғни шағын қалаларда экономиканың барлық секторында жүзеге асырылып жатқан жобаларды субсидиялауға мүмкіндік жасалмақ. Аталған бағытта субсидия 10 пайыз көлемінде болады.

Мемлекет бюджетінде аталған тетіктер бойынша бөлінетін қажетті қаржы қарастырылған.
Бүгінгі таңда мекеме жобаларды жүзеге асыруды талдау үдерісін оңтайландыруға ниетті.