«Даму» қоры қызылордалық кәсіпкерлерге 11 млрд. 642 млн. теңгенің қолдауын көрсетті
10:45, 12 Шілде 2010
ҚЫЗЫЛОРДА. Шілденің 12-сі. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) -Респбуликалық «Даму» қоры биыл орта және шағын кәсіпкерлік саласындағы 8500 субъектіге қолдау көрсетті. Бұл 26 000 жұмыс орнының ашылуына себеп болды. Аталмыш қор «Даму-Аймақтар» бағдарламасының негізінде Қызылорда облысы бойынша 383 кәсіпкердің құны 11 млрд. 642 млн. теңге тұратын жобаларын қаржыландырды.
Осының арқасында көптеген кәсіп иесі жаңа өндіріс орындарын ашты, жаңадан178 жұмыс орны жасақталды. Сонымен қатар қордың «Бизнес-кеңесші» бағдарламасына сәйкес облыста 370 адам білім алды.
Бүгінде «Даму» қоры Қызылорда облысы басшылығының аймақты энергетикалық тәуелсіздікке жеткізу бағытындағы қадамына да қолдау танытуда. Қазір «Қазақстан Даму банкі» АҚ арқылы Ақшабұлақ кенішінен салынар ГТЭС құрылысын қаржыландыру қарастырылуда. Құрылысын «Кристалл Менеджмент» компаниясы жүргізетін өндіріс орнынан бөлек кварц құмын өндіру және қайта өңдеу жобасы да жан-жақты зерттелу үстінде. Ұлттық қордың аймақ өндірісі ықпалына қатысты тағы бір жаңалық - фарфор шынысын өндіретін зауыт құрылысына қатысты болып отыр.