«Даму» қоры шағын қалалардың проблемаларын шешетін болады
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Алматы облысы бойынша филиалының директоры Ринат Талтүсовтың хабарлауынша, бұл бағдарламаның мақсаты - несиелік ресурстардың қолжетімділігін арттыру және оның жедел берілуін қамтамасыз ету, жеңілдік шарттармен заемшыларға қаржылай қолдау көрсету және несиелік ресурстардың құнын мүмкіндігінше төмендету, бағдарламаға қатысушы банктер мен лизингтік қатысушылардың ұйымдастырушылық-техникалық мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану.
Алматы облысы - шағын қалалардың саны және оларда тұратын халықтардың жалпы саны бойынша Қазақстанның көшбасында: Қапшағай, Текелі, Үшарал, Есік, Үштөбе, Қаскелең, Жаркент, Сарқанд және Талғар сияқты 9 шағын қала бар және оларда жалпы есеппен 284 мыңдай халық тұрып жатыр.
Әдетте, шағын қалалардың өнеркәсіптік өндірістері бірді-екілі салалармен шектеледі. Өндірістің төмендеуі немесе қала құрушы кәсіпорындардың тоқтап қалуы, шығарылатын өнімдердің бәсекеге қабілеттілігінің төмендігі, сұраныстың жоқтығы немесе халықтың сатып алу қабілетінің төмендігі, өткізу нарықтарының қашықтығы - міне осының барлығы шағын қалалардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын қиындатып отырған факторлар болып табылады.