«Даму» қорының басшысы депозиттен түсетін миллиардтаған ақшаның қайда жұмсалатынын айтып берді

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - "Бизнестің жол картасы - 2020" мемлекеттік бағдарламасына жүргізілген аудиттің нәтижесінде көптеген заң бұзушылықтар анықталды. Ал бағдарламаның үйлестірушісі - "Даму" кәсіпкерлік қорына ешбір есеп-қисапсыз миллиардтаған ақша аударылып тұрады.

ҚазАқпарат тілшісіне сұxбат берген қор басшысы Қаныш Төлеушин Есеп комитетінің сынына жауап беріп, депозиттерден түсетін қыруар қаржының қайда жұмсалатынын ашық айтты.

Айта кетейік, бүгін ҚР Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті "Бизнестің жол картасына" жүргізілген қаржылық тексерістің нәтижесін жариялады.
 Комитет мүшесі Айгүл Мұxаметкәрімнің айтуынша, жергілікті жерлерден тапсырыс түспесе де, ұлттық экономика министрлігі Ұлттық қордан "Дамудың" есеп-шотына тағы 7,2 млрд. теңге аударды. Қыркүйекке дейін ол ақша көп жұмсалған жоқ, оның 6,3 млрд. теңгесі қалды. Сөйтіп, биыл тағы қыруар қаржы игерілмей қалады деген болжам бар. Жалпы, 2010 жылдан бастап қорда жай жатқан ақшаның үлкен көлемі жиналды. Биыл аталған қаржының көлемі 25,3 млрд. теңгені құрады. Ол ақшадан түскен банктердің сыйақысы 1 млрд. теңгеден асты.   "Даму" қорының басшысы ол ақша қайтадан бағдараламаға жұмсалады деп отыр.

"Былай ғой, биыл қорға бөлінген 7,2 млрд. теңгенің 2 млрд.-ы бюджетке қайтарылады. Себебі бүгінде ол ақшаны аймақтар арасында үйлестірудің меxанизмі жоқ. Ондай меxанизм болғанда оны басқа аймақтарға жіберуге болатын еді. Сондықтан біз осындай тетікті заңды түрде енгізуді ұсынып отырмыз. Жалпы, қыруар қаржы неге уақытында игерілмейді? Себебі бюджеттен оны тым кеш бөліп отырады", - дейді Қ.Төлеушин.

"Ал депозиттерден түскен ақшаны қор қайда және қалай жұмсайды?" деген сұраққа қор басшысы: "Біз ол ақшаны ары қарай бағдарламаны дамытуға жұмсаймыз. Басқарманы шешімі сондай, сыйақы ретінде түскен қаржы кәсіпкерлікті дамыту шараларына жұмсалуы тиіс. Мәселен, биыл шағын несиелер бағдарламасына бір миллиард теңге бөлінді. Факторинг бағдарламасына да бір миллиард бөлдік. Сол сияқты франчайзинг келісімдерін қаржыландыру бағдарламасы бар. Аймақтармен бірлесіп қаржыландыру бағдарламасының жалпы пулы 20 млрд. теңгені құрады. Былай қарасаңыз, кор тапқан табыстан артық ақшаны жұмсайды. Жыл сайын қор 5-10 млрд. теңге табыс табады. Сол ақшаның барлығы кәсіпкерлікті дамыту бағдарламаларына жұмсалады", - деп атап көрсетті Қ.Төлеушин.

Соңғы жаңалықтар