Даму кубогында Қазақстан жастар құрамасы қолаға таласады
АСТАНА. KAZINFORM – Футболдан 17 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Беларусь астанасы Минск қаласында өтіп жатқан Даму кубогында екінші жеңісіне қол жеткізді.
Бұл кездесуде қазақстандық футболшылар Тәжікстанмен шеберлік байқасты. Матч барысында олар жинақы ойын өрнегін көрсетті. Қазақстан аяқдопшыларының қатарынан Әнуар Төленді, Ислам Рақым және Роман Черноморец мергендігімен көзге түсті. Оған тәжікстандық футболшылар бір голмен жауап қайырды. Осылайша Қазақстан жастар құрамасы қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсті.
Отандастарымыз алғашқы кездесуде Минск құрамасын 3:1 есебімен тізе бүктірсе, одан кейін Беларусь U-17 құрамасына 0:2 есебімен жол берді.
Жарысқа 8 құрама қатысып жатыр. Олардың қатарында Қазақстан, Беларусь, Тәжікстан, Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан мен Минск құрамалары бар.
Олар алдымен екі топта бақ сынайды. А тобында Қазақстан, Беларусь, Тәжікстан және Минск құрамасы бар. Ал Беларусь U16, Өзбекстан, Әзербайжан және Ресей В тобында бақ сынап жатыр.
Аға бапкер Бауыржан Сағындық оқу-жаттығу жиынына шақырту алған ойыншылардың тізімін жариялады:
Қақпашылар: Никита Килджиев, Әлихан Шайзада (екеуі де – «Шахтер»), Батырхан Серікбай («Жас Қыран»), Камиль Гайнуллин («Қайрат»);
Қорғаушылар: Жәнібек Жайлаубек, Данил Золкин, Мейірлан Балтабаев (бәрі – «Шахтер»), Ислам Рақым, Марлен Әміренов, Мансур Авасханов, Әлфир Ханафи, Әбди Әлихан (бәрі – «Қайрат»), Дінмұхаммед Дайрабай («Жас Қыран»), Нұралы Азатқазы (клубсыз);
Жартылай қорғаушылар: Әлихан Жұмабек, Дамир Юсупбеков (екеуі де – «Қайрат»), Ринат Бейбітов, Акбар Сәденов (екеуі де – «Ақтөбе»), Шәріпхан Шәріпжан (клубсыз);
Шабуылшылар: Әнуар Төленді (ҚФФ Академиясы), Рустам Сайфимилюков, Дигдар Омаров, Расул Әкімов (бәрі – «Шахтер»), Абылай Жылқайдар, Роман Черноморец, Дәулет Орынбасар (бәрі – «Қайрат»), Расул Досан («Атырау»), Мағзұм Жоламан («Каспий»), Ибраһим Бауыржан («Ақтөбе»).
Енді қазақстандық футболшылар 23 ақпанда 3-орын үшін сайысқа түседі.