Дамыған елдердің дағдарысына байланысты дамушы мемлекеттердің өсім қарқыны баяулап отыр - Е. Досаев

АСТАНА. 4 наурыз. ҚазАқпарат - Дамыған елдердің дағдарысына байланысты дамушы мемлекеттердің өсім қарқыны да баяулау үрдісін көрсетіп отыр.

Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында баяндама жасаған Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев осылай мәлім етті.

Министрдің айтуынша, еуроаймақта үш тоқсан қатарынан жалпы ішкі өнімнің өсімі теріс болған. Мәселен, екінші тоқсанда -0,2 пайыз, үшінші тоқсанда - 0,1 пайыз, ал төртінші тоқсанда 0,6 пайызға жеткен. Борыштың жиынтықтағы көрсеткіші жалпы ішкі өнімнің рекордтық белгісінде тұрақталуда. Қатаң үнемдеудің қабылданған шаралары жұмыссыздықтың өсуіне соқтырып, 18 млн.-нан астам адамды құраған. «2013 жылы АҚШ-тың соңғы төрт жыл ішіндегі 1 трлн. доллардан асатын, 2012 жылдың жалпы ішкі өнімінің 7 пайызға дейін қысқаруымен байланысты проблемалармен бетпе бет келуі мүмкін. Ең алдымен бұл бюджет шығыстарының қысқаруы АҚШ экономикасына күмәнсіз теріс әсер ететініне қатысты. Өткен 28 ақпаннан бастап 85 млрд. долларға дейін АҚШ бюджетте секвестр өткізген. Наурыздың аяғына дейін АҚШ-тың екі палатасы бір бірімен келіссөзге келмесе, жаңа секвестерлер де болуы мүмкін», - дейді Ерболат Досаев. Оның айтуынша, дамыған елдердің дағдарысына байланысты дамушы мемлекеттердің өсім қарқыны да баяулау үрдісін көрсетіп отыр.

«Осылайша, Қытайдың жалпы ішкі өнімі 7,9 пайыз деңгейінде қалыптасты. Бұл соңғы он үш жылдағы ең төменгі көрсеткіш болып отыр. Қытайлық иенаның және жұмыс күшінің өсуі таяу уақытта Қытай экспортының бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Осы жағдайға орай көптеген беделді халықаралық ұйымдар таяу жылдарға өздерінің болжамдарын төмендетті. Халықаралық валюта қоры қаңтар айында 2013 жылға арналған әлемдік экономиканың өсу болжамын тағы да 3,5 пайызға азайтты. Бұның өзі қазан айындағы болжамнан 0,1 пайызға кем», дейді министр.