Дамыған елдердің дамушы мемлекеттерге қатысты «домино» саясатын доғару қажет - БҰҰ

АСТАНА. 23 мамыр. ҚазАқпарат - Дамушы мемлекеттерге қатысты неше түрлі қитұрқы пиғылдарға қарамастан, олардың өз экономикасын көтеруге қажетті ресурстардың жететіндігін түсіну керек. Бұл туралы VI Астана экономикалық форумының салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген БҰҰ Бас хатшысының экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары У Хунбо мәлім етті.

Бас хатшының орынбасары атап көрсеткендей, әлемдік экономиканы қалпына келтіру жұмысын жүргізу кезінде жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесіне ерекше басымдық берген жөн. «Алайда әрбір мемлекеттің осы саладағы қызметі оның ұлттық ерекшеліктеріне сай болуы шарт. Бүгінде әлемдік экономиканы қалпына келтірудің бірыңғай тәсілін ұстануды қоя тұру қажет. Ал нақты экономикалық саясатқа келер болсақ, әрбір мемлекеттің жұмыспен қамту мәселесі, ұлттық тауарды күшейту және оның ел экономикасына әкелер пайдасы - осының барлығы ортақ мақсаттан да жоғары тұруы тиіс. Негізі, бүгінде дамыған елдердің дамушы мемлекеттерге қатысты «домино» саясатын доғару қажет. Себебі қаржы саласындағы неше түрлі қитұрқы әрекеттерге қарамастан, дамушы мемлекеттерде бар ресурстардың жергілікті экономиканы көтеруге жететіндігін түсіну керек», - деп атап көрсетті У Хунбо.