Дамыған өндірістерді, көтерме сауда нысандары мен қоймаларды Алматының сыртына шығару қажет - Мемлекет басшысы

АСТАНА. 12 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке Алматы және Алматы облыстарының әкімдерімен бірлесе отырып, қаланың және қалаға жататын аумақтардың көліктік жүйесін

дамыту жөніндегі кешенді жоспар дайындап, оны қабылдауға тапсырды, деп хабарлайды Алматыдағы кеңес қорытындысы бойынша Президенттің баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысының айтуынша, Алматы ірі көліктік-логистикалық шаһарға айналуда. «Күн санап жүк және жолаушылар тасымалы артып келеді. «Жетіген-Қорғас» темір жолының учаскесі іске қосылып, «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автокөлігін қайта құрастырудан өткізгеннен кейін көліктер легі бұдан да артатын болады», - деп атап өтті Н.Назарбаев.

«Күн сайын Алматыға 1 млн.-ға жуық көлік құралы, оның ішінде басқа қалалардан 400 мың көлік келеді. Таңертеңгі және кешкі көлік кептелісі қаладағы әдеттегі жағдайға айналды», - деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, бұл мәселеге кешенді түрде қарап, осы проблемаларды шешіп отырған әлемдегі ірі қалалардың тәжірибесін жетік игеру керек.

«Шығыс айналма жолының құрылысын аяқтау маңызды мәселе. Қаржыландыру бар. Мен бұрынырақ Үлкен Алматы дөңгелек автокөлік жолын 2012 жылға дейін салып бітіруді тапсырғанмын. Құрылыс әлі басталған жоқ. Мен көлік және комуникация министрлігіне мүдделі мемлекттік органдармен бірлесе отырып, осы мәселені қарауды және тисті шешім қабылдауды тапсырамын», - деп атап өтті Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысы көптеген адамдар қалаға жақын аудандардан жұмыс істеу үшін Алматыға келерде уақытының басым бөлігін жоғалтатындығын айтып өтті. Сондықтан: «Қаскелең, Қапшағай және Есікке дейінгі қала маңындағы қоғамдық көліктердің жылдамдығын арттыру бойынша білек сыбана жұмысқа араласу керек», - деп хабарлайды Президенттің баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы атап өткендей, базарлардың қала ішінде орналасуы қаладағы көлік қозғалысына кедергі келтіреді. Өндірістерді, логистика, көтерме сауда нысандары мен қоймаларды қала сыртына шығару керек.