Данэлия Төлешова еуропалық БАҚ-ты таңғалдырды
Қазақстандық жас өнерпаз Данэлия Төлешованың баспасөз мәслихаты мен екінші репетициясы аяқталды. Оны Еуропа БАҚ-тары ең жарқын қатысушылардың бірі деп атап жүр.
www.escxtra.com сайты Ózińe Sen әнінің қойылымын «Голливудқа лайықты» деп атады. Басылым: «Бейсенбіде ғана Қазақстан үздік делегациялардың бірі деп танылған болатын (камералардың жұмысы бойынша - Ред.). Кадрлар мен фильтрлердің пайдаланылуы мінсіз», «Бүгін жұрттың бәрі оның дайындығын тамашалауға кетіп, баспасөз орталығы қаңырап қалды. Данэлия Минскіде журналистерді жеңді деуге болады», - деп жазды.
Еуровидение фан клубтарының халықаралық желісі infenetwork.net былай жазады: «Оның вокалы таңғалдырады, ол өзін сахнада мейлінше сенімді сезіне бастады. Оның даусымен айтылған әннің әуені көрермендерді ертегілер әлеміне жетелейді».
Еске сала кетейік, Балалар Еуровидениесінің junioreurovision.tv сайтында 24 қараша күні Астана уақытымен 01:00-де көрермендердің онлайн дауыс беруі басталды. Пайдаланушылар өздеріне ұнаған бес қатысушыға дауыс бере алады. Дауыс беру 25 қарашаға дейін жалғасады. Негізгі концерттің тікелей көрсетілімі басталардың алдында дауыс беру тоқтатылады. Барлық үміткерлер өнерін көрсетіп болғаннан кейін 15 минуттан соң дауыс беру қайта басталады.
Халықаралық байқаудың финалын Қазақстан тұрғындары «Хабар» арнасынан 25 қараша күні 21:00-де тікелей эфирден тамашалай алады.