ШҚО билігі Алакөлде жұмыс істейтін бизнесмендерге берген уәдесін орындады. Көлдің жағасын абаттандыруға 500 миллион теңге, тағы 1,5 миллиард теңге жол жөндеуге бөлінді. Жұмыс қызып жатыр. Демалыс орны көз алдымызда көркейіп келеді. Алайда өз учаскелеріндегі заң бұзушылықты барлық кәсіпкерлер жойған жоқ. 147 базаның 19-ы ғана барлық талаптарға сәйкес келеді. Қалғандары таяу уақытта кемшіліктерін түзетеді. Ал 64 нысанының иегері жағдайды жақсартуға әрекет жасамаған.
Өңір басшысы биыл бизнесмендер заң бұзушылықты түзетпейінше, жұмысқа рұқсат алмайтынын ескертті.
«Демалушылардың денсаулығына қауіп әкелетін бірде-бір нысанға ашылуға рұқсат жоқ. Бұл демалыс маусымында осы жерге келетін 300 мың қонақты қорғау үшін жасалып отыр», - деді Даниал Ахметов. - Бизнестерің жақсы жүрді екен деп мыңдаған адамдардың өмірін қауіпке тіге алмаймыз. Бұған жол берілмейді. Рұқсат құжатынсыз базаны ашатындар болса, олар заңмен жауап беретін болады.
Кәсіпкерлерде жұмыстарындағы қателіктерін түзетуге, туристерді қабылдауға базаны дайындауға әлі де уақыттары бар.
10 маусымнан бастап облыс әкімінің тапсырмасымен жағалауға жұмыс тобы келеді. Оның құрамына нысан жұмысы үшін рұқсаты керек барлық ведомство өкілдері кіреді. Мамандар бизнесмендерге көмектесіп, нені түзету қажеттігін көрсетеді.