Даниал Ахметов Глубокое кентінің су астында қалу себебін атады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының басшысы Даниал Ахметов әкімдік мәжілісінде Белоусовка кентіндегі бөгеттің су реттегіші болмағандықтан, Глубокое кенті су астында қалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс бойынша тасқынның алдын алуға бағытталған іс-шаралардың 2017-2020 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын талқылау барысында кейбір төтенше жағдайлар салғырттықтан болғаны айтылды. Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Мадияров биылғы жағдайдан кейін тасқын қаупі бар уческелер тізіміне тағы 20 нысан қосылғанын айтты. Даниал Ахметов тасқынның алдын алуға биылдың өзінде 500 млн теңге бөлінетінін айта келе, арнайы комиссия 2 айдың ішінде қалыптасқан жағдайларға терең талдау жасайтынын жеткізді. Екі айдың ішінде кеткен кемшіліктер мен қолға алынуы тиіс шаралар нақтыланады. Мысалы, Белоусовкадағы дамбының су реттегіші жоқ болғандықтан, Глубоке кенті қарғын судың ортасында қалған. Ал құзырлы орган өкілдері мен аудан әкімдігі мұны ескермеген. Бұл кешенді бағдарлама түгелдей облыс бюджетінен қаржыландырылатындықтан, өз талғамымыз бойынша қайта жасаймыз. Оның ішіне Белоусовка кентіндегі бөгетке су реттегіш орнату, Семей қаласындағы Түйемойнақ аралының жан-жағын биіктету сияқты нақты шаралар енуі тиіс» - деді әкім.

Биылғы тасқынның үдеуіне мұз кептелістерінің де себепкер болғаны айтылды. Қателік қайталанбас үшін өзен-көлдердің бетіндегі мұздың қалыңдығын қадағалайтын мониторинг жұмыстарын жетілдіріп, кептелістерді алдын ала болжау жүйесін құру ұсынылды.

«Ертістің бетіне қатқан мұз да елді көп әуреге салды. Биылғыдай мұз жару жұмыстарын кептеліс болған кезде ғана жүргізбей, алдын ала ұйымдастыру қажет. Дәл осындай шаралар Зырян, Шемонаиха, Қатонқарағай, Бесқарағай аудандарында да қолға алынсын», - деді Даниал Ахметов.

Айта кетейік, Глубокое ауданындағы бөгеттің қараусыз қалуына байланысты аудандық прокуратура тексеру жүргізіп жатыр.