Даниал Ахметов: Кәсіпкерлер клинеттеріне Ashyq жүйесін алдауды үйрете бастады

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов кәсіпкерлердің клинеттерді Ashyq жүйесі арқылы тексермей кеткендігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. ⠀

Аймақ басшысы мейрамхана иелерімен онлайн-кездесу өткізді. Бүгінгі таңда облыста қоғамдық тамақтану орындарына санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтай отырып, Ashyq жүйесі арқылы жұмыс істеуге рұқсат берілген.

«Мына қиын уақытта бизнесті қолдау үшін осындай шешімге келген едік. Алайда көп ұзамай кәсіпкерлер клиенттерін арнайы қосымша арқылы тексеруді тоқтатты. «Қызыл» аймаққа өткенімізді елемей, жұртқа жүйені қалай алдауға болатынын үйрете бастады», - деді Даниал Ахметов.

Оның айтуынша, өңірде вирус жұқтырғандар саны күрт өсіп кетті. Осыған байланысты мейрамханалардың жанына полицейлердің кезекшілік етуіне тура келген. Әкім кәсіпкерлерді жауапкершілікпен жұмыс істеуге шақырып, кері жағдайда қызметтері мүлде тоқтатылатынын қатаң ескертті.

«Жұмысты жалғастыру үшін Ashyq жүйесі арқылы жұмыс істеп, келген қонақтардың мәртебесі шын тексерілуі тиіс. Сондай-ақ мерекелік іс-шара өткізетіндері жөнінде екі тәулік бұрын әкімдікке ескертіп, міндеттеме алулары керек. Тек осылай ғана науқас адаммен байланыста болғандардың санын нақтылай аламыз.

Кәсіпкердің карантин талаптарын бұзғаны және мейрамханаға келген қонақтардың жаппай вирус жұқтырғаны анықталса ең қатаң шара қолданылады. Бір аптаның ішінде тиісті меморандум дайындаймыз. Оған жұмысты жалғастырғысы келетін және қоғам алдында жауапкершілігі бар кәсіп иелері қол қоюы тиіс», - деді өңір басшысы.