Даниал Ахметов салынып жатқан үйдің құжаттық-сметалық жобасын қайта жасауды тапсырды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Салынып жатқан әр пәтерге бір жарым гараждық орын қарастырылу керек, ал ауласы ыңғайлы болуы тиіс. Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов осындай тапсырма берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Бұл тапсырма мәселеге қатысы бар барлық адамға жүктеледі», - деді өңір басшысы жыл қорытындысы бойынша кеңейтілген жиналыста құрылыс басқармасының басшыларына.

Ол басқарма мамандарының көпқабатты пәтер құрылысында жер аумақтарын кеңейту, әр аулада тұрақ пен гаражға орын қарастыру туралы тапсырмасын орындамағанына таңданысын білдірді.

«Тағы да қосымша жер бөліңдер. Берілген аумаққа үш үй салудың қажеті жоқ, екі үй салыңдар. Аула халыққа ыңғайлы болуы керек, не құрылыс басқармасы, не Семей мен Өскемен әкімдері мұнымен айналыспаған», - деді әкім.

Барлық тараптарға айтылған сынды ескеріп, техникалық құжаттаманы қайта қарап шығу және қажетті құжаттарды бір тәулікте дайындау міндеті жүктелді.

Биыл 288,8 мың шаршы метр аумақты алатын 57 жаңа көппәтерлі үйдің құрылысы жоспарланып отыр.