«Елімізде, оның ішінде Шығыс Қазақстанда болған жағдайды ауыр қылмыс сипатындағы терроризм мен экстремизм актісі деп толық айта аламыз. Тұрғындарға туғызған келеңсіздік, яғни интернет желісінің өшірілуіне байланысты кешірім сұраймыз. Бірақ террористер үшін интернет байланыс коммуникациясының бірден бір құралы, сондықтан бұл мәселеге жоғары түсінушілікпен қарауларыңыз қажет. Өңірдегі жағдай қатаң бақылауда», - деп жазды Даниал Ахметов Facebook желісіндегі парақшасында.
Оның айтуынша, қазіргі таңда коменданттық сағатты сақтай отырып, барлық кәсіпорындар, дүкендер, дәріханалар мен медициналық мекемелер штаттық режимде жұмыс істеуде. Жалақыны, зейнетақыны, әлеуметтік төлемдерді төлеу бойынша да жағдай тұрақты. Облыстағы екінші деңгейлі банктер төлем жүйесін толықтай іске қосуда.
«Өкінішке қарай, аймақта зардап шеккендер де бар. Терроризм мен экстремизммен күрес жөніндегі облыстық штаб келтірілген зардап пен шығын мөлшерін анықтау үстінде, яғни оны алдын ала жариялау мүмкін емес.
Мен шығысқазақстандықтарды провокацияға берілмеуді сұраймын. Террористердің іс-әрекеті еліміздегі экономикалық және саяси жағдайды қалпынан шығаруға, халықтың үрейін қашыруға бағытталып отырғаны белгілі.
Облыс тұрғындарын тек сабырлық сақтауға шақырамын», - деді ШҚО әкімі.