Облыстағы су тасқынына байланысты өткен брифингте Даниал Ахметов үйі жарамсыз болып қалған тұрғындардың барлығына баспана берілетінін айтты.
Мұндай көмек Аягөз, Глубокое, Шемонаиха ауданы мен Өскемен қаласының тасқыннан зардап шеккен тұрғындарына көрсетілмек. Аягөз ауданында баспана сатып алуға қажет қаржы бөлініп қойған. Үйсіз қалған отбасылардың алды жаңа баспанасына көшіп те үлгерді. Мұнда 14 үй құлап, 19 үй апаттық жағдайға түскен болатын. Олардың орнына үй сатып алу үшін қайырымдылық қорлары мен резервтік қордан қаржы бөлінуде. Ал құлаған үйдің жер телімдері мемлекет меншігіне өтпек.
Даниал Ахметов Глуобокое ауданында мұндай көлемдегі жаңбыр соңғы 30 жылда болмағанын айтты. 2 күннің ішінде ауданға үш айдың мөлшеріне пара-пар жауын түскен. Көнекөз тұрғындар мұндай жауын осыдан 30 жыл бұрын болғанын айтқан. Қар жұқа түскендіктен, тереңдеп кеткен тоң жібіп үлгермей, қар суы жердің бетімен аққан.
Ал Шемонаиха ауданында Үбе өзенінен сең жүру салдарынан 42 үйді су алып, 35-і қираған. Өскемендегі тасқынға тоқтаусыз жаңбыр мен таудан аққан қар суы себепкер болған. Соның салдарынан 72 үй су астында қалып отыр. Оның тек 14-інен су сорғытылған. Катонқарағай ауданында 6 үйді су басып, 3-уі жарамсыз күйге түсті.
Облыс әкімі баспанасы бүлінген тұрғындардың ешбірі үйсіз қалмайтынын атады. Брифингте тасқынға ұшыраған аудан, қалалардың әкімдері де сөз сөйлеп, жағдайды баяндады. Зырян ауданы мен Риддер қаласында жағдай әзірше тұрақты. Бұл екі өңірге тасқын кешігіп жететін түрі бар. Семейде 5 саяжай үйін су алған.
Брифинг соңында Даниал Ахметов төтенше жағдайлар департаментіне 289 млн теңге бөлінетінін мәлімдеді.
«Төтенше жағдай қызметінің өз ведомствосы бар. Дегенмен соңғы жағдайлар бұл қызметті әлі жабдықтармен толықтыру керектігін көрсетті. 289 млн теңге осы мақсатта бөлініп отыр. Қажет болса тағы бөлуге дайынбыз» - деді ол.