Дания Еспаева Екібастұз жұртшылығымен кездесті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Ақ жол» партиясынан президенттікке үміткер Дания Еспаева Павлодар облысының халқына өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Бұл жөнінде партияның баспасөз қызметі хабарлады.

Дания Еспаева Екібастұз қаласында болды. Мұнда үміткердің үгіт тобы жергілікті кәсіпкер, энергетик және әлеуметтік саладағы жұмыскерлермен кездесті.

Екібастұзда энергетика, көмір өнеркәсібі, бағалы металдарды өндіру салалары жақсы дамыған. Бүгінгі таңда қалада 8 мыңдай шағын және орта бизнес нысаны бар. Дания Еспаева сайлауалды бағдарламасы жөнінде әңгімелеп, құжатта айтылған мәселелерді айтып өтті. Кездесу барысында тұрғындар әлеуметтік мәселелерді көтерді. Екібастұзда халық саны 150 мыңнан асады. Мұнда металлург, инженер, шахтерлердің әулеті тұрады. Алайда, қала тұрғындарының сөзінше, соңғы жылдары мектеп бітірушілер көрші мемлекетке оқуға түсе бастаған.

Екібастұзда үміткер жергілікті өнеркәсіп пен әлеуметтік объектілерге
де барды. Кездесу барысында Дания Еспаева әрбір қазақстандықтың 9 маусымдағы сайлауда дауыс беруі керектігін айтты.

«Ақ жол» партиясынан президенттікке үміткер Дания Еспаеваның үгіт науқаны жалғасуда.