Дания үкіметін алғаш рет әйел басқаруда

АСТАНА. 3 қазан. ҚазАқпарат - Данияның тарихында алғаш рет үкімет басына әйел адам - социал-демократтар көшбасшысы Хелле Тонинг-Шмидт келді.

Жаңа премьер солшыл центристік билеуші коалиция құрмақ, деп хабарлады РБК Associated Press-ке сілтеме жасап.

Премьер-министр Х.Торнинг Шмидт журналистерге «солшыл» социалистік халықтық және центристік социал-либералдық партиялар өкілдерімен келіссөздер жүргізгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа кабинеттің құрамы бүгін жарияланады.

Х.Торнинг-Шмидт 15 қыркүйектегі парламенттік сайлауда оның басқаратын партиясы жеңіске жеткеннен кейін үкіметті жасақтау құқығына ие болды. Сайлауда ұтылған либерал-консерваторлар Данияда үкімет басында соңғы 10 жыл бойы отырған еді.

Х.Торнинг-Шмидттің сайлауалды бағдарламасының негізі - кірістерге салықты азайту, «халықтық» инвестицияларды тарту жолымен экономиканы тұрақтандыру, сондай-ақ атмосфераға парниктік газ шығарындыларын 2020 жылға дейін 40 пайызға қысқарту жөніндегі қатаң экологиялық шараларды қолға алу болып отыр.