Үндістандағы қақтығыста қаза тапқандар саны 40-қа жуықтады

Фото: Report

АСТАНА. KAZINFORM — Үндістанның оңтүстігіндегі шеру кезінде болған қақтығыста қаза тапқандардың саны 38-ге жетті. Құрбандардың дені әйелдер мен балалар. Бұл туралы Синьхуа агенттігі жазды.

Қайғылы оқиға Тамилнад штатында өткен митингі кезінде болды. Оны киноактер Виджай өзінің саяси ұйымы Тамилага Веттри Кажагамды қолдау үшін ұйымдастырған.

Штаттың басшысы, ​​​​Дравида Мунетра Кажагам партиясының аға саяси жетекшісі В.Сентил Баладжи жараланғандардың 46-сы жекеменшік ауруханаға жатқызылғанын, ал 12-сі мемлекеттік ауруханада емделіп жатқанын айтты.

Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди әлеуметтік желідегі X платформасындағы жазбасында қайтыс болғандардың жақындарына көңіл айтып, оқиғаны «ауыр қайғы» деп атады.

— Менің ойым жақындарынан айырылған отбасыларда. Осы қиын кезеңде оларға күш-қуат, жарақат алғандардың барлығының тезірек сауығып кетуін тілеймін, — деп жазды Н.Моди.

Еске салайық, бұған дейін Миланда Палестинаны қолдау шеруі қақтығысқа ұласып, 60 полицей жараланған болатын