Данияда әуе кеңістігі дрондар салдарынан қайта жабылды
АСТАНА. KAZINFORM – 26 қыркүйек, жұмаға қараған түні Данияның солтүстігіндегі Ольборг әуежайының маңындағы әуе кеңістігі аймақта белгісіз ұшқышсыз басқарылатын аппараттар туралы хабарламаға байланысты қысқа уақытқа жабылды, деп хабарлайды DW.
FlightRadar24 рейстерді қадағалау қызметінің мәліметінше, шектеулерге байланысты Ольборгқа баратын кем дегенде екі рейс ұшып жеткен жоқ. KL1289 рейсі Амстердамға оралды, ал Копенгагеннен SK1225 рейсі тоқтатылды.
Полиция өкілдері кейінірек ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары анықталмағанын хабарлады. Дегенмен, бұл Данияның әскери базасы орналасқан Ольборг маңында белгісіз ұшқышсыз аппараттар туралы хабарламалар шыққан қатарынан екінші түн. 25 қыркүйекке қараған түні Ольборг, Эсбьерг және Сондерборг әуежайлары ауданында, сондай-ақ Скридструп әуе базасының үстінде ұшқышсыз басқарылатын аппараттар байқалды. Олардың барлығы елден шығып үлгерді, олардың қай жерден ұшырылғаны белгісіз.
Осыдан екі түн бұрын Копенгаген әуежайының маңында белгісіз ұшқышсыз дрондар байқалған. Оқиғаға байланысты әуежай бірнеше сағат бойы шектеулермен жұмыс істеді. Сол түні Норвегияның астанасы Ослодағы әуежай белгісіз ұшқышсыз аппараттар кесірінен жабылды.
Дания үкіметі ел әуежайларында жалғасып жатқан ұшқышсыз басқарылатын аппараттардың ұшуын гибридті шабуылдар ретінде бағалайды. Дания премьер-министрі Метте Фредериксен бұл оқиғаны «Данияның бүгінде маңызды инфрақұрылымына жасалған ең күрделі шабуыл» деп атады. Оның айтуынша, бұл соңғы уақытта Еуропа әуежайларының әуе кеңістігін бұзу және оларға жасалған кибершабуылдар қатарына кіріп отыр.
- Әрине, біз мұның артында кім болуы мүмкін деген нұсқаны жоққа шығармаймыз, - деп қосып өтті премьер-министр.
Бұған дейін Копенгаген мен Осло әуежайларында дрондар салдарынан ондаған рейс кейінге шегерілгенін жазған болатынбыз.