Данияда Еуропалық саяси қауымдастықтың жетінші саммиті өтті

Фото: report.az

АСТАНА. KAZINFORM — Копенгагенде Еуропаның 40-тан астам мемлекетінің және ЕО-ға көрші елдердің лидерлері жиналды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Еуропалық саяси қауымдастық алғаш рет 2022 жылы Франция президенті Эммануэль Макронның бастамасымен құрылды. Оған дерлік барлық еуропалық елдер кіреді және оның мақсаты — Еуропалық Одақ пен оған кірмейтін елдер арасындағы, әсіресе қауіпсіздік пен қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты дамыту.

Бұл — бейресми, бір күндік саммиттер. Оларға Исландиядан бастап Әзербайжанға, Финляндиядан Португалияға дейінгі 45-тен астам елдің басшылары шақырылады. Алғашқы кездесу 2022 жылдың қазан айында Прагада өтті.

Еуропалық саяси қауымдастықтың басты міндеттері: Еуропадағы қауіпсіздікті нығайту; энергетикалық дағдарыстарға бірлесіп әрекет ету; инфрақұрылымдық және тасымалдау байланыстарын дамыту; демократиялық құндылықтар мен халықаралық құқықты қолдау.

Биыл да Франция президенті Эмманюэль Макрон Италия премьер-министрі Джорджия Мелонимен бірге есірткі саудасына қарсы күреске арналған жаңа бастаманы жариялады.

— 35 мемлекет пен үкімет басшылары күш біріктіріп, бірлескен әрекет пен нақты шаралар қабылдап жатыр. Біріккен Еуропа қорғайды, — деп жазды Франция президенті әлеуметтік желідегі парақшасында.

Естеріңізге сала кетейік, бұдан бұрын Копенгагенде өтетін Еуропалық одақ саммитінің қарсаңында Дания билігі ел аумағында азаматтық ұшқышсыз ұшу аппараттарының (дрондар) ұшуына уақытша тыйым салды.