Даниядағы қазақтардың өмірі: «Димашты» жеуге дәті бармаған даттар
АСТАНА. KAZINFORM — Әлемнің әр түкпіріне тарыдай шашыраған бес миллионға жуық қазақтың бір бөлігі кәрі құрлық — Еуропаның да бірнеше мемлекетінде өмір сүріп жатыр. Солардың бірі — Даниядағы шағын қазақ қауымы.
Атамекеннен алыста жүрсе де, ұлттық тіл мен мәдениетті сақтауға күш салып жүрген азаматтардың бірі — экономика ғылымдарының кандидаты Қажы Акбар Аюби. Ол бүгінде халықаралық энергетика саласында еңбек етіп, Даниядағы қазақ қауымының қоғамдық өміріне де белсенді араласып жүр. ҚазАқпарат тілшісі қандасымызбен сұхбаттасып, оның өмір жолы, Даниядағы қазақтардың тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы әңгімелесті.
— Акбар мырза, алдымен өзіңіздің өмір жолыңыз туралы айтып өтсеңіз. Қай жерде білім алдыңыз?
— Біздің әулетіміздің тарихы Қазақстандағы 1930-жылдардағы ашаршылық кезеңімен тығыз байланысты. Аталарымыз сол кезде Қызылорда облысының Қармақшы өңірінен жан сауғалап шетелге кеткен. «Халық жауы» деген жаламен қудалаудан қашып, алдымен Өзбекстанға, кейін Тәжікстанға, одан әрі Ауғанстанға өткен. Мен сол Ауғанстанда дүниеге келдім.
1981 жылы отбасымызбен Иранға көштік. Балалық шағым ауыр еңбекпен өтті, қара жұмыс істедік. 1988 жылы, мен 15 жасымда, туыстарымызбен бірге Данияға эмигрант болып келдік. Дат тілін үйреніп, тоғыз жылдық мектеп бағдарламасын бір жылда аяқтадым. Сосын үш жыл техникалық гимназияда оқыдым. Кейін, Орхус университетінің экономика факультетінде білім алдым. Алғаш еңбек жолымды сорғы өндіретін ірі халықаралық компания — «Grundfos»-та бастадым.
Кейін бір жыл Дубайдағы араб компаниясында жұмыс істедім. Қазір «Siemens Energy» компаниясында жасыл энергетика саласында сарапшы болып еңбек етіп жүрмін. Бұл компанияның газ энергетикасы, жел энергетикасы, трансформатор жүйелері және ғылыми-зерттеу бағыттары бар. Жылдық айналымы шамамен 40 миллиард еуроны құрайды. Біз отбасымызбен Данияның ірі портты қаласы — Орхусте тұрамыз.
— Даниядағы қазақ қауымы туралы айтып берсеңіз. Қанша қазақ тұрады?
— Даниядағы қазақтарды негізінен екі топқа бөлуге болады. Біріншісі — өткен ғасырдың 80-жылдары Ауғанстаннан босқын мәртебесімен келген қазақтар. Бұлар — 1930-жылдардағы ашаршылық кезінде Қазақстаннан кеткен кіші жүз қазақтарының ұрпақтары. Қазір олардың саны шамамен 70-тен асады.
Екінші топ — Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін түрлі себептермен келген қазақтар. Олар оқу, жұмыс немесе басқа да жағдайлармен осында қоныстанған. Қазір олардың саны шамамен 300-ге жуық.
Бізде 2003 жылы құрылған қазақ мәдени орталығы бар. Қазір оны інім Нұр-Арман Аюби басқарады. Орталықтың басты мақсаты — қазақ тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу. Әзірге арнайы ғимаратымыз жоқ. Дегенмен жергілікті әкімдік үлкен мерекелер мен жиындарды өткізуге қолдау көрсетеді.
Бұл жерде тұратын ағайындар Наурыз мейрамы мен Қазақстанның Тәуелсіздік күнін тұрақты түрде атап өтеді. Сонымен қатар Қазақстандағы жаңалықтарды интернет арқылы оқып, елдегі өзгерістерге бейжай қарамаймыз.
— Даниядағы қазақтардың болашағы туралы не ойлайсыз?
— Біз тағдырдың қиын кезеңдерін бастан өткерген ұрпақпыз. Сондықтан ұлттық болмысымызды сақтау үшін бірігуіміз керек екенін жақсы түсінеміз. Егер топтасып, мәдениетімізді сақтамасақ, аз ұлт ретінде ассимиляцияға ұшырап кетуіміз мүмкін.
Бірнеше мәселе бар. Соның бірі — құжат мәселесі. Әсіресе үлкен кісілердің арасында кездеседі. Кейбір қарияларымызда төлқұжат жоқ, әрі өздерінің қазақ екенін ресми түрде дәлелдей алмайды. Бұрын осындағы қазақ мәдени орталығының хаты арқылы елшілік оларды растап, бір айлық виза беретін. Соның арқасында атамекенге барып келуге мүмкіндік болатын.
Қазір бұл мүмкіндік алынып тасталды. Соның салдарынан Қазақстанға барғысы келетін әже-аталарымыз үшін үлкен қиындық туындап отыр. Ал жастардың бәрінде дерлік паспорт бар, Дания азаматтары ретінде Қазақстанға визасыз бара алады.
Тағы бір мәселе — ассимиляция. Өкінішке қарай, қыздарымызды басқа ұлтқа ұзатып, өзге ұлттан келін алу жағдайлары жиілеп барады. Бұл — табиғи үдеріс болғанымен, шағын диаспора үшін үлкен алаңдаушылық тудырады. Жас ұрпақтың болашағы бұлыңғыр болып кетпеуі үшін ұлттық мәдениетімізді сақтауға күш салуымыз керек.
Сондықтан Қазақстан тарапынан мәдени, білім беру бағытында қолдау болса дейміз. Жастарды елге тартып, тарихи отанымен байланысын күшейтетін бағдарламалар қажет. Бізде «жастар Қазақстанға барып, елдің дамуына үлес қосса» деген үлкен арман бар.
— Даниядағы мәдени өмірде қандай қызықты бастамалар бар?
— Мұнда қазақ мәдениетіне қызығушылық танытатын адамдар аз емес. Соның бір мысалы — Димаш Құдайбергеннің фан-клубы. Бұл — музыка мен өнердің қадірін білетін адамдар. Көпшілігі Димаштың ерекше дауысын алғаш естігеннен-ақ оған тәнті болып, сол арқылы қазақ халқын, Қазақстанды танып жатыр. Олар Димаштың әнінен ләззат алады, рухани қуат табады. Мен өзім Димашты қазақ болғаны үшін ерекше мақтан тұтып, оның жанкүйеріне айналсам, мұндағы адамдар оның өнеріне, үніне ғашық.
Біз де ұлттық болмысымызды көрсетіп, қазақтың рухы сезіліп тұрсын, кейінгі ұрпақ көріп-білсін деген ниетпен қазақтың киіз үйін жасап қойғанбыз. Оның ішкі жабдықтарын Қазақстаннан және басқа жақтардан алдыртып, мүмкіндігінше ұлттық нақышта дайындадық. Сол киіз үйді көрген Даниядағы Димаш фан-клубының мүшелері өздерінің құрылғанына алты жыл толуын сол жерде атап өтуді ұсынды. Сөйтіп, киіз үй ішінде бас қосып, ет асып, бауырсақ пісіріп, өте әсерлі әрі мазмұнды кеш өткіздік.
Шара барысында Қазақстан, Дания және Димаштың шығармашылығы мен өміріне қатысты түрлі сұрақтардан тұратын викториналық ойындар ұйымдастырылды. Мені таңғалдырғаны — мұндағы фанаттардың Димаш туралы білімінің өте тереңдігі. Олар әншінің туыстарының аты-жөнін, туған күндерін де жақсы біледі. Тіпті Димашқа еліктеп домбыра үйреніп жүргендері бар. Оның әндерінің атауы, қай жылы шыққаны, мазмұны — бәрін жатқа біледі.
Менің ойымша, Димаш — ерекше деңгейдегі тұлға. Ол қазақ елін әлемге таныту жолында орасан еңбек сіңіріп жүр. Тіпті кейде әзілдеп айтамын: егер барлық олимпиада чемпиондарының, белгілі саясаткерлердің еңбегін қоссақ та, қазақ елін әлемге жағымды тұрғыда танытуда Димаштың еңбегі бір төбе деп.
Сол басқосудағы бір қызықты жайт есімде қалып қойды. Біз Димаштың суреті салынған арнайы торт дайындадық. Тортты кесіп жеп отырғанда, Димаштың бейнесі тұрған бөлігіне келгенде ешкім қол тигізгісі келмеді. Қимады. Бұл олардың әншіге деген ерекше құрметін көрсетті. Шынында да, Димаш — қазақ елінің маңдайына біткен жарық жұлдыз. Оның жанкүйерлері де Қазақстанның тілеуін тілеп, елдің жетістігіне қуанып отырады.
— Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
— Спортты жақсы көремін. Көп жыл волейбол ойнадым. Сонымен қатар Дания, Грекия және Ыстамбұлдағы Босфор бұғазында 10 шақырымға дейін ашық суда жүзгенмін. Дайвингпен де айналысамын. Тіпті 30 метр тереңдікке сүңгуге мүмкіндік беретін Advanced Open Water Diver сертификатын алғанмын.
Қазір тағы бір қызығушылығым — желкенді қайықпен жүзу. Бұл — дат халқының ежелгі кәсібі, викингтердің теңіз дәстүрімен байланысты өнер. Тарихта викингтер осындай кемелер арқылы Христофор Колумбтан 500 жыл бұрын Америка құрлығына жеткен деген дерек бар.
— Биыл Наурыз мерекесін қалай қарсы алғалы отырсыздар?
— Әуелі ата жұрттағы барлық қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Әр үйге бақ-береке әкелсін! Ұлыс оң болсын! Даниядағы қазақ диаспорасы да Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесін атап өтуге дайындалып жатыр. Мерекелік іс-шара 21 наурыз күні Хасселагер қаласында өтеді.
Алдымен қатысушылар Орхус қаласындағы Sofra мейрамханасында кездеседі. Одан кейін Бавнехойсколе ғимаратында негізгі шаралар ұйымдастырылады. Бағдарлама аясында қауымдастықтың жалпы жиналысы өтіп, қонақтарға арналған ортақ дастарқан жайылады. Қатысушылар Наурыз көжеден дәм татып, түрлі ұлттық тағамдардан ауыз тиеді.
Сонымен қатар мәдени және спорттық шаралар өткізіледі. Қонақтар ән айтып, би билеп, түрлі ойындарға қатысады. Балалар мен ересектер үшін спорт залда жарыстар ұйымдастырылады.
Бұл мереке Даниядағы қазақтарды ғана емес, қазақ мәдениетіне қызығушылық танытқан жергілікті тұрғындарды да біріктіретін ортақ басқосу болмақ.
Бұған дейін Моңғолиядағы қазақтар Наурыз мейрамын қалай тойлайтынын жазған едік.