Данияр Ақышев: Оқушының мектептегі сабаққа деген ынтасы болашақ мансабына әсер етеді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Kapital.kz порталына берген онлайн-конференцияда жеке басына қатысты бірқатар сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Бас банкир оқушы кезінде геометрия және алгебра пәнін жақсы көріп оқығанын және есейгенде Алатауда серуендегенді ұнатқанын айтты.

«Мен қызығып оқитын бірнеше пән болды. Соның ішінде, геометрия, алгебра, физика, химия пәндері ерекше ұнайтын», - деді Данияр Ақышев.

Сонымен қатар, ол қолы қалт еткенде спортпен шұғылданатынын айтты.

«Осыдан 10 жыл бұрын Іле және Күнгей Алатауында серуендейтін едім. Жалпы, мен оқушының мектеп қабырғасында сабаққа деген ынтасы болашақ мансабына әсер етеді деп есептеймін. Сондықтан, мен үздік оқушылар жағындамын», - деді ҰБ төрағасы.